Ұлы Жеңіс күніне орай ерлікке тағзым шарасы өтті

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында әскери-патриоттық жұмыс айлығын өткізу мақсатында «Астана» өңірлік қолбасшылығының 46298 әскери бөлімінің қызметкерлері Қазыбек би атындағы аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы және Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, тағылымы терең шара ұйымдастырды.

Шараға «Астана» өңірлік қолбасшылығының 46298 әскери бөлімінің қызметкерлері, Қазыбек би атындағы аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Олар бірлесіп Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды қаласындағы эвакуациялық госпитальдарда алған жарақаттарынан қайтыс болған жауынгерлерге арналған ескерткіш-мемориалға барып, гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар қала аумағында жерленген Кеңес Одағының батырларының зираттарына арнайы барып, олардың рухына тағзым етті. Жиналғандар ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың батырлығы мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Мұндай шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, тарихи жадыны жаңғыртуға зор ықпал ететіні айтылды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен кеңес мүшелері әскери қызметкерлермен кездесу барысында ел қорғаған ерлердің ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің негізі екенін атап өтіп, жастарды Отанға адал қызмет етуге, ел тарихын құрметтеуге шақырды. Шара барысында әскери қызметкерлер мен ардагерлер бірлесе отырып, Ұлы Жеңістің мәні мен маңызын насихаттау, соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруға ниет білдірді.