Жасанды интеллект туралы сериал түсіріле бастады

Қарағандыда «Код 404» атты киберқауіпсіздік пен сандық дәуір шындығын арқау еткен техно-триллердің түсірілімі басталды. Жоба жасанды интеллект тақырыбын қамтып, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін көрерменге жеткізуді мақсат етеді.

Жаңа жоба Қарағанды киноиндустриясы үшін тағы бір маңызды белес болмақ. Сериал «Сарыарқа» телеарнасымен, «STARTKINO» және «Creative Center ORTAU» қолдауымен түсірілуді бастады. Кино маусымын ашқан команда дәстүр бойынша тәрелке сындырып, жас таланттарға сәттілік тіледі.
– Біз түсірілімді бастаудамыз. Президент атап өткендей, сериалда цифрландыру мен жасанды интеллект те қамтылады. Жастарды арнайы іріктеп алдық. Негізгі орын ретінде университетті таңдадық, себебі сериал цифрлық дәуірдегі өмір мен жастар туралы, – деді «STARTKINO» ҚБ-ның төрағасы Арман Әлімжанов.
«Код 404» атауына ие техно-триллер аймақтағы шығармашылық саланың жаңа кезеңінің бастамасы болып саналады, дейді түсірілім тобының жетекшілері. Сонымен қатар, жоба жастарға кино саласында өзін-өзі дамытуға, тәжірибе жинақтауға және жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді.
– Мен камераны жақсы көремін, арманым – фильмге түсу еді. Кастингтен сәтті өттім және біз жақсы дүние ұсынамыз деген сенімдеміз, – дейді актриса Арайлым Серікова.
Сериал сандық әлемнің құпиясын зерттей отырып, жастардың өмірі мен күнделікті оқиғаларын көрсетеді.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»