Дәстүрлі әннің дара үні – Дулат Аханов

Кеншілер мәдениет сарайында республикалық ән байқауларының лауреаты Дулат Ахановтың «Аяулы мекенім» атты шығармашылық кеші өтті. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған бұл кеш көрерменге ерекше әсер сыйлап, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің тереңдігін тағы бір мәрте танытты.

Сахнаға алдын ала хабарлаусыз шыққан әнші Біржан cалдың «Ақ серкеш» әнін орындап, көрерменді бірден баурап алды. Әншінің кең тынысты дауысы мен орындау шеберлігі кештің жоғары деңгейде өтетінін аңғартты.

Концерт барысында қазақтың классикалық ән мұралары кеңінен насихатталып, Ақан серінің «Нәзікгүл», Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әндері, сондай-ақ халық әндері «Екі жирен», «Алқоңыр» тыңдарманға ерекше әсермен ұсынылды. Дулат Аханов әр шығарманы өзіндік нақышпен орындап, әннің мазмұнын терең жеткізе білді.

Кешке еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздар да қатысты. Республикалық байқаулардың лауреаттары Санат Исаев, Марат Әбуғазы, Фархат Оразов сахнада өнер көрсетіп, концерттің мазмұнын байытты. Сонымен қатар айтыс өнерінің өкілі Мақсат Аханов кеш иесіне арнау айтып, көрерменнің ықыласына бөленді. Музыкалық сүйемелдеуді Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі қамтамасыз етті. Оркестрмен бірге орындалған Құрманғазының «Серпер» күйі мен бірқатар әндер кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті.

Концерт барысында әншінің жеке шығармашылығына да ерекше мән берілді. «Сағыныш екен бала кез», «Сағыныш сазы» әндері арқылы орындаушы тыңдарманды нәзік сезім әлеміне жетеледі. Сонымен қатар, анасына арнап орындаған «Асыл ана» әні мен отбасына арналған туындысы көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Кештің мәртебесін арттырған маңызды сәттердің бірі – Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиевтің сахнаға шығуы болып, ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық байланыс айқын көрініс тапты. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновпен бірге Ілия Жақановтың «Даниярдың әні» орындалып, өнер сүйер қауымның қошеметіне ие болды.

Шара соңында кеш иесіне құрмет көрсетіліп, бірқатар марапаттар табысталды. Өнер иесіне шығармашылық табыс тілеген жылы лебіздер айтылды. Кеш Кенжебек Күмісбековтің «Аяулы менің мекенім» әнімен қорытындыланып, туған жерге деген сүйіспеншілікті әсерлі жеткізді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»