«Бала Қазыбек» көрінісі

Қарағанды қаласындағы №28 жалпы білім беретін мектепте қазақ халқының көрнекті биі, мемлекет қайраткері әрі шешен Қазыбек бидің балалық шағына арналған «Бала Қазыбек» атты театрландырылған қойылымның премьерасы өтті. Танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор сахналық туынды оқушыларды тарихи тұлғаның өмір жолымен таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Қойылым барысында көрермен Қазыбек бидің бала кезінен-ақ ерекше зеректігімен, тапқырлығымен және әділдігімен көзге түскенін сахналық көріністер арқылы тамашалады. Жас өнерпаздар тарихи кезеңнің рухын жеткізіп, қазақ халқының шешендік өнері мен бай рухани мұрасын көркем түрде көрсете білді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба өскелең ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында адалдық, батылдық, әділдік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Мұндай шығармашылық жұмыстар балалардың тек сахналық қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық тарихты терең тануына мүмкіндік береді. Қойылымда қазақ халқының қилы кезеңдері, ел бірлігі мен жер тұтастығы жолындағы күрес те көрініс тапты. Әсіресе жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі ел тағдыры мен сол кезеңдегі даналардың рөлі кеңінен суреттелді.

Театр үйірмесінің жетекшісі Еркінбек Қорабаев бұл бастаманың маңызына тоқталды.

– Өңір мектептері тарихында Қазыбек биге арналған, оқушылардың қатысуымен жүзеге асқан мұндай театрландырылған қойылым алғаш рет сахналанып отыр. Байқауымша, көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Қазақ халқы талай қилы кезеңдерді бастан өткерді, соның бірі жоңғар шапқыншылығы. Дәл осы кезеңде жас Қазыбек өзінің дара шешендігімен танылып, ел аузында сол тұста оған «Қаз дауысты» деген ат берілгені айтылады. Терең мағына мен тағылымдық мәнге ие мұндай қойылымдар мектеп сахнасында жиі қойылуы тиіс, – деді ол.

Мектеп ұжымы бұл жобаны жүзеге асыруға ерекше дайындықпен кіріскен. Бастаманы білім ордасының директоры Думан Омарбаев қолдап, ұйымдастыру жұмыстарына жан-жақты жағдай жасаған. Ал дайындық барысына тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Жұлдыз Ақбаева жетекшілік етті.

Қойылымның сценарий авторы әрі басты рөлді сомдаған педагог-тәлімгер Еркінбек Қорабаев тарихи образды шынайы жеткізе білді. Музыкалық сүйемелдеуді музыка пәнінің мұғалімі Аяулым Тарбақова қамтамасыз етті. Көрініске сай таңдалған әуендер сахналық қойылымның әсерін күшейтіп, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

Жас Қазыбек бидің бейнесін жетінші сынып оқушысы Әмір Даулыбаев сомдады. Ол тарихи тұлғаның зеректігі мен шешендік қабілетін нанымды көрсете алды. Сонымен қатар қойылымға оныншы сынып оқушылары да белсенді қатысып, түрлі кейіпкерлердің образын сәтті алып шықты.

Көрермен қатарында ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар болып, қойылым соңында жас әртістердің еңбегіне жоғары баға беріліп, алғыс айтылды. Көпшілік мұндай тарихи қойылымдардың жас буынның ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.

Ералы ҒАНИ,

«QH»