Этнография бағыты жаңа кітаппен толықты
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жерлесіміз, белгілі жазушы-этнограф, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Төрехан Майбастың «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, өлкетанушылар, Парламент депутаттары мен әдебиетсүйер қауым қатысты.
Кездесуді жүргізген журналист Қамбар Ахмет Ұлттық кітап күнінің қоғам үшін маңызына тоқталып, бұл бастама елдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға, рухани құндылықтарды насихаттауға серпін бергенін атап өтті.
Төрехан Майбас – әдебиет пен журналистика саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Сонымен қатар этнография бағытында ұзақ жылдар бойы үздіксіз ізденіс жасап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын зерттеуге елеулі үлес қосты. Жазушының бұған дейін жарық көрген «Елқұжат», «Абадан», «Шікіл», «Үшінші ауыл», «Оныншы ауыл», «Айбар», «Жауһар», «Портреттер», «Айбөкен» атты кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Сондай-ақ «Сарыарқа кітапханасы» жобасы аясында таңдаулы шығармалары жарық көріп, көпшілікке жол тартты.
Жаңа еңбек Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағдарламасы аясында басылып шыққан. Кітапта қазақ халқының уақыт өте көмескілене бастаған салт-дәстүрлері, көнеден жеткен наным-сенімдері, ұмыт бола бастаған ұғым-түсініктері кеңінен қамтылған. Автор тарихи деректер мен халық жадында сақталған мәліметтерді саралай отырып, ұлттық мұраны жан-жақты талдаған.
Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы мен белгілі қаламгер, академик Бауыржан Омаров автордың ұзақ жылғы еңбегіне жоғары баға берді. Олар жаңа туындының ғылыми әрі рухани маңызына тоқталып, мұндай еңбектердің ұлт тарихын танудағы рөлі ерекше екенін айтты. Серік Ақсұңқарұлы бұл кітапты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға лайық дүние екенін жеткізді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов ұлттық мұраны сақтау мен дәріптеу мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тарихи-мәдени құндылықтарды бүгінгі ұрпаққа таныстырып, келешекке жеткізу баршаға ортақ міндет.
Салтанатты жиында академик Дихан Қамзабекұлы, Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Құдайберген Бексұлтанұлы, Аманжол Әлтаев, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің деканы Елдос Түйте, профессорлар Тілеген Садық пен Қойлыбай Асанов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда сөз алып, автордың этнография саласындағы сүбелі еңбектеріне жоғары баға берді.
Кеш соңында Төрехан Майбас жиналған көпшілікке ризашылығын білдіріп, көп жылғы еңбегінің ел игілігіне жарап жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, ұлттық мұраны зерттеп, кейінгі ұрпаққа аманат ету әр азаматтың парызы.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

