Жасыл белдеу: Қарағандыда «Таза Қазақстан» аясында мыңдаған көшет егілді

Қарағанды облысында ауқымды экологиялық акция өтіп, мыңдаған тұрғын табиғатты жасылдандыру ісіне үлес қосты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған шара өңірде кең көлемді көгалдандыру науқанына ұласты.

Бұл күні Қарағандыдағы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы этнопарк негізгі экологиялық алаңға айналды. Мұнда бес мыңға жуық адам – жастар, еріктілер, қоғам белсенділері және қала тұрғындары жиналып, қарағай, қайың және терек көшеттерін отырғызды. Жалпы алғанда, этнопаркте 1 600-ден астам шұңқыр дайындалып, жасыл желекпен толықты.

Акцияға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов қатысып, көшет отырғызу ісіне өз үлестерін қосты. Аймақ басшысы бұл бастаманың маңызын атап өтті.

«Ел Президентінің бастамасымен екі жыл бұрын «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы іске қосылды. Облыс тұрғындары оған белсенді қатысуда: ағаш егеді, қоқыс жинайды, аулаларын ретке келтіреді. Бизнес өкілдері де шет қалған жоқ – кәсіпорын ұжымдары бұл бастаманы қолдады. Алдағы уақытта да барлығымыз бірлесіп жұмысты жалғастырамыз. Жалпы, биыл облыс бойынша шамамен 60 мың ағаш егу жоспарланып отыр. Әрбір көшетке дұрыс күтім қажет, бұл ретте мамандардың ұсынымдары аса маңызды», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Акцияға қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек экологиялық тазалықты ғана емес, қоғамның табиғатқа деген жауапкершілік мәдениетін де қалыптастырады.

Жастарға ағаш отырғызудың қыр-сырын тәжірибелі мамандар үйретті. Зейнеттегі агроном Сәкен Келдібаев көшет отырғызудың дұрыс әдістерін көрсетіп, экологиялық мәдениеттің маңызын түсіндірді.

«Осы арада біз ағаш отырғызудың стандарттары мен күтім тәсілдерін көрсетіп жатырмыз. Әр көшеттің өз тәртібі бар. Сондықтан қазір соның бәрін түсіндіріп өтудемін», – деді агроном Сәкен Келдібаев.

Экологиялық бастамаға еліміз бойынша кең қолдау көрсетілді. Саябақта республиканың өзге өңірлерімен тікелей телекөпір ұйымдастырылып, акцияның жалпыұлттық деңгейде өтіп жатқаны көрсетілді. Аймақтарда да белсенділік жоғары болды: бір күнде облыс бойынша 30 мыңға жуық адам қатысып, 4,5 мың көшет отырғызылды.

Қарағанды облысы бойынша «Жасыл Ел» республикалық штабының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет жастардың бұл іске белсенді араласуының маңызын атап өтті.

«Бүгін мұнда жастар көп жиналды. «Таза Қазақстан» – өте маңызды идеологиялық бастама. Ағаш еккен жастар оның әрі қарайғы күтімі, өсуін қадағалау жөнінде ойланады. Бұл оларды табиғатты тереңірек тануға ынталандырады», – деді ол.

Сондай-ақ этнопаркте Қарқаралы ұлттық паркінен әкелінген 200 түп ырғай көшеті отырғызылды. Бұл қадам «Таза Қазақстан» бастамасының халықаралық экологиялық қозғалыстармен үндесіп жатқанын көрсетті.

Жалпы алғанда, Қарағандыдағы бұл шара тек ағаш егу науқаны емес, жасыл қала қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді экологиялық қозғалыстың бір бөлігі. Бастама аясында өңірде ғана емес, бүкіл ел бойынша миллиондаған көшет отырғызылып, табиғатты қорғау мәдениеті жаңа деңгейге көтерілуде.

Ералы ҒАНИ,

«QH»