Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі

Қарағанды өңірінде Ұлы Жеңіс күні қарсаңында тағылымы терең, мазмұны бөлек ерекше марафон өтті. «Жеңіс марафоны» деп аталған бұл ауқымды шара салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ел үшін жанын қиған батырлардың ерлігін ұлықтауға арналды. Жүздеген шақырымды артқа тастаған марафоншылардың бағыты да, мақсаты да айқын болды – олар Мартбек Мамраев есімімен байланысты қасиетті жерге жетуді көздеді.

Марафоншылар сапары Қарағанды қаласындағы Мартбек Мамраев атындағы әскери-техникалық мектеп аумағынан басталды. Батыр есімі берілген бұл оқу орны үшін мұндай бастаманың мәні ерекше. Ал мәреге қатысушылар Қарқаралы ауданындағы батырдың туған ауылында жетті. Жалпы қашықтық – 230 шақырым. Бұл тек спорттық сынақ қана емес, тарихи жадқа тағзым, рухани сапар деуге болады.

Жарысқа әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелері қатысты. Солардың бірі – кенші, тәжірибелі марафоншы Төлеутай Жаманбек. 74 жастағы қарағандылық үшін бұл – 94-ші классикалық халықаралық марафон. Құрметті спортшы бұл жолы да өзінің табандылығы мен рухының мықтылығын көрсетті.

«Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмыт қалмайды. Біздің аталарымыз, арғы аталарымыз соғысты, қыздар да соғысты, Мәншүк Мәметова сияқты батырлар болды. Біз олардың ерлігін құрметтейміз. Бүгін Мартбек Мамраевты еске аламыз. Ол ерлік жасады. Соған мақтануымыз керек. Қарағандылықтарға бейбіт аспан тілеймін», – деді Төлеутай Жаманбек.

Марафонның алғашқы кезеңінде Қарағанды қаласының шетіне дейінгі арақашықтықты әскерге шақырылушылар мен әскери-техникалық мектептің тәрбиеленушілері жүгіріп өтті. Одан әрі эстафетаны кәсіби жеңіл атлеттер жалғастырды. Жарыс басталар алдында қатысушылар батыр рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Батырдың өмір жолы мен адами болмысы жайлы оның қызы Клара Мамраева еске алды. Оның айтуынша, әкесі тек соғыс даласында ғана емес, бейбіт өмірде де үлгі бола білген жан.

«Әкеміз бізді де еңбекқор болуға баулыды. Өте батыл еді, жоғары білімі болмаса да көп оқитын. Біз әкемізді қатты мақтан тұтамыз. Ол бақытты адам болды, өйткені сондай тозақтан аман оралып, елге келіп, батыр атанды», – деді Клара Мамраева.

Жас ұрпақ та бұл бастамадан шет қалмады. Интернат оқушысы Дарын Нұрланов үшін марафон – тек жарыс емес, патриоттық тәрбиенің бір көрінісі.

«Жас балаларға бұл өте үлкен үлгі деп ойлаймын. Біз осындай шараларға қатысу арқылы батырлардың ерлігін ұмытпай, өзіміз де шынығамыз», – деді Дарын Нұрланов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай марафондар жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, тарихи жадыны жаңғыртуға ықпал етеді.

«Бұл өте маңызды шара. Мұнда тек спорт емес, тарихқа деген құрмет, батырларға деген тағзым жатыр», – деді Жанна Жұманбаева.

Кешқұрым марафоншыларды батыр есімі берілген ауыл тұрғындары жылы қарсы алды. Бұл сәт – ұзақ жолдың қорытындысы ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды.

Жалпы, «Жеңіс марафоны» – тек спорттық дода емес, ел тарихына құрмет көрсетудің, ерлікке тағзым етудің және болашақ ұрпаққа өнеге қалдырудың жарқын үлгісі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»