Кітап – жүрекке жол: Қарағандыда ерекше оқырмандар ұлықталды
Қарағандыда Ұлттық кітап күні аясында тағылымы мол тағдырлар мен табандылықтың тоғысқан әсерлі кеші өтті. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада ұйымдастырылған «Үздік оқырман – 2025» оқырман бенефисі – кітапқа адал жандардың еңбегін елеп, рухани байлықты дәріптеген маңызды мәдени шараға айналды.
Салтанатты жиын кітапханашылар қауымының кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп, көру қабілеті шектеулі оқырмандардың білім мен руханиятқа деген құштарлығын айқын көрсетті. Бұл бастама өткен жылдан бері жалғасып, жыл сайын өз оқырмандарын шабыттандыратын игі дәстүрге айналып келеді.
Шара Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті. Кеш шымылдығын ашқан кітапхана басшысы Ғалым Нұрланов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, кітап оқудың қоғамдағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай бастамалар тек марапаттау емес, сонымен қатар оқуға деген қызығушылықты арттырып, рухани дамуға серпін береді.
Биылғы байқауда 11 үздік оқырман анықталып, арнайы Алғысхаттармен және заманауи «Яндекс Станция» смарт-колонкасымен марапатталды. Олардың қатарында З.Ахметов, Е.Әбишева, Ж.Әбетова, Ж.Әширбекова, А.Быкова, Т.Елаш, Н.Қалиева, А.Қасымова, А.Каримов, О.Майпасов және Л.Никоненко бар. Сонымен қатар белсенді оқырман Жанар Әділбековаға да ерекше құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды.
Мерекелік кештің көркін өнерлі балалар мен жас оқырмандар аша түсті. «Алмагүл» балабақшасының тәрбиеленушілері әннен шашу шашып, Жанар Үрімжанқызы күй орындады. «Молодежный» мәдениет үйінің әншісі А.Омар, жас оқырман А.Кеңес және кітапхана оқырмандары әуелете ән шырқап, кешке ерекше сән берді.
Шара барысында сөз алған оқырмандар да өз әсерлерімен бөлісті. Бірінші топтағы көру қабілеті бұзылған азамат Алтын Қасымова мұндай кездесулердің оқуға деген ынтаны арттырып, жастарға үлгі болатынын атап өтті. Ал Нұрпатша Қалиева үшін бұл күн – рухани қуаныш пен шабыттың қайнар көзіне айналған. Оның айтуынша, мұндай басқосулар кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, ізденіске жетелейді.
Айта кету керек, брайль жүйесі бойынша оқитын оқырмандардың жетістіктері көпшілікке үлгі ретінде ұсынылды. Бұл – ерекше қажеттілігі бар жандардың білімге деген ұмтылысын айқындап қана қоймай, қоғамдағы кітаптың орнын айшықтай түседі.
Қарағандыда өткен бұл тағылымды шара – кітаптың тек ақпарат көзі емес, адам жанының серігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Руханиятқа бастар жолдың шамшырағы саналатын кітапқа деген құрмет осындай игі бастамалар арқылы арта беретіні сөзсіз.
Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ақпараты негізінде

