Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: лагерлерге тосын тексеріс күшейтіледі

Жазғы демалыс маусымы қарсаңында балалардың қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі балалар лагерлеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізілетінін мәлімдеді.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаз айларында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық бала сауықтыру ұйымдары бақылаудан өтеді. Маңыздысы – тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Министрлік мұндай тәсіл лагерьлердің нақты жағдайын объективті бағалауға мүмкіндік беретінін және тек «көрсету үшін» жасалатын дайындықтың алдын алатынын атап өтті.

Ресми мәліметке сәйкес, лагерь иелеріне бірқатар талап қатаң ескертілді. Атап айтқанда, нысандарды алдын ала дайындау, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу, қызметкерлердің біліктілік талаптарын сақтау және белгіленген сыйымдылықтан аспау – басты шарттардың қатарында. Бұл талаптардың орындалуы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі болмақ.

Ата-аналарға да жауапкершілік жүктеледі. Мамандар балаларды демалысқа жіберер алдында лагерьдің ресми тіркелгенін, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар екенін тексеруге кеңес береді. Бұл – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, биыл елімізде шамамен 200 балалар лагері жұмыс істейді деп жоспарланған. Осыған байланысты министрлік жазғы демалыс кезеңінде барлық ұйымдардың қызметін ерекше бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Жалпы, қолға алынған шаралар балалардың сапалы демалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Жауапты органдардың бақылауы мен ата-аналардың мұқият таңдауы үйлескен жағдайда ғана жазғы демалыс маусымы қауіпсіз әрі көңілді өтпек.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»