Екінші мүмкіндік: еңбек пен әлеуметтік қолдау – қайта түлеудің жолы

Қарағанды облысында пробация бақылауындағы азаматтарды қоғамға қайта бейімдеудің тиімді тетіктері кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Негізгі мақсат – жазасын өтеушілерді жазалап қана қоймай, оларды адал еңбекке тартып, қоғамға толыққанды мүше ретінде қайта қосу. Бұл бағыттағы жұмыстар «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде жүргізілуде.

Бүгінде өңірде прокуратура мен пробация қызметі бірлесіп, әлеуметтік бейімдеудің жаңа үлгісін қалыптастыруда. Мамандардың айтуынша, қателікке бой алдырған азаматтарды қайта әлеуметтендіруде жұмыспен қамту шешуші рөл атқарады. Себебі тұрақты табыс пен еңбек тәртібі адамды жаңа өмірге бағыттайтын негізгі факторлардың бірі.

Осы мақсатта ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкелері нақты нәтижесін беріп отыр. Пробация есебінде тұрған азаматтар үшін арнайы бос жұмыс орындары ұсынылып, оларды жұмыс берушілермен тікелей таныстыру шаралары өткізілуде. Бұл жолы сүт өңдеу кәсіпорны мен коммуналдық қызмет мекемелері өз мүмкіндіктерін ұсынды. Қосалқы жұмысшы, электрик, жүргізуші, сырлаушы, оператор секілді мамандықтарға сұраныс бар. Ұсынылған жалақы мөлшері 200 мың теңгеден басталады. Нәтижесінде 20 азаматтың бесеуі бірден жұмысқа орналасуға келісім берген.

Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының өкілдері мұндай шаралар жүйелі түрде жалғасатынын айтады.

«Шара барысында пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағытында нақты жұмыстар іске асырылуда», – деді Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Айша Қуаныш.

Пробация қызметінің мәліметінше, әрбір азаматтың тағдыры әртүрлі. Сондықтан олармен жеке жұмыс жүргізу аса маңызды.

«Біздің есепте тұрған азаматтардың әрқайсысының тағдыры әртүрлі, бәрі де өмірдің қиын өткеліне тап болған жандар. Сондықтан біз жергілікті атқарушы органдармен және прокуратурамен бірлесіп, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудеміз. Бұл бағытта жақсы нәтижелер де бар. Мәселен 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 50 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 20-дан астамы арнайы жұмыс орындары квотасы бойынша еңбекке тартылды», – деді Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша пробация қызметін басқару департаменті басшысының орынбасары Данияр Кабаканов.

Расында, оқшау өмірден кейін қоғамға қайта оралу оңай емес. Әсіресе, өмірлік қателіктері үшін жаза арқалаған азаматтарға бұл екі есе қиын. Дегенмен, ұсынылып отырған мүмкіндіктер олардың болашаққа деген сенімін нығайтуда.

Жазасын өтеушілердің бірі жаңа жұмыс табу алдында тұрғанын жасырмады.

«Мен жаңа ғана сүт фабрикасында болдым, ертең жұмысқа орналасамын. Менде алимент бар, соны төлеймін. Жұмыс істеу керек, талап сондай, заң сондай», – деді ол.

Тағы бір азамат мұндай қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

«Бұған дейін жұмыс істемегенмін, дипломым жоқ. Осындай мүмкіндік беріп жатқаны қуантады. Алда тұрақты жұмысқа орналассам деген ниетім бар», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, тұрақты жұмыспен қамту тек табыс көзі ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Еңбекке араласқан адам қоғамнан шет қалмайды, қайта ортаға сіңісіп, заңға бағынған өмір салтын қалыптастырады.

Облыстық еңбек ұтқырлығы орталығы да бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

«Бұл жерде жиырмадан астам адам келіп, осы шараға қатысып, өздері көріп, әрі қарай жолдамаларын алды. Бізде есепте тұрған жұмыс іздеуші азаматтарды шақырып, қысқа мерзімді оқуға қатысу мүмкіндіктері туралы да айттық. Төрт адам қысқа мерзімді курсқа жазылды. Сонымен қатар қайтарымсыз грантқа қатысу, уақытша және қоғамдық жұмыс орындары, жастар практикасы мен «Күміс жас» бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді. Жалпы, барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілді», – деді Облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.

Жалпы, Қарағанды облысында қолға алынған бұл бастама – әлеуметтік әділеттілік пен адам тағдырына бейжай қарамаудың айқын көрінісі. Еңбекке тарту, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы ғана қиын жағдайға тап болған жандарға екінші мүмкіндік беруге болады. Ал бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»