Жәрмеңке жанданған өңір: қолжетімді өнім, қызу сауда

Қарағанды облысында көктемгі ауылшаруашылығы жәрмеңкелері тұрғындар үшін тиімді сауда алаңына айналды. Сәуір айында өткен жәрмеңкелерде ет, сүт, көкөніс, бал сынды табиғи өнімдерді нарықтағыдан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік туды. Ұсынылған тауарлардың басым бөлігі – жергілікті фермерлердің жаңа піскен өнімдері.

Жыл басынан бері өңірде барлығы 136 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда жалпы құны 1 миллиард 280 миллион теңгеге жуық 2 мың тоннадан астам өнім сатылған. Тек сәуір айының өзінде 47 сауда шарасы өткен. Сонымен қатар, алты қайта өңдеу кәсіпорны өз өнімдерін ұсынып, тұрғындарға сапалы тауар түрлерін таңдауға жол ашты.

Мамыр айында да жәрмеңкелер легі жалғасын таппақ. Әсіресе шағын қалалар мен аудандарда 43 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Дегенмен, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ең ауқымды жәрмеңкелер дәстүр бойынша күз мезгілінде – жаңа өнім жиналып, ет дайындалған кезеңде ұйымдастырылады.

Жалпы биыл Қарағанды облысында 564 гастрономиялық жәрмеңке өткізу көзделіп отыр. Бұл бастама өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтуға бағытталған.