Бірыңғай QR-төлем: қолма-қолсыз есеп айырысу жаңа деңгейге көтеріледі

Қазақстанда осы жылдың жазынан бастап сатып алуларды біріңғай QR-код арқылы төлеу жүйесі іске қосылады. Бұл жаңашылдық қолма-қолсыз төлемдерді жеңілдетіп, тұтынушылар үшін ыңғайлы әрі жылдам есеп айырысу мүмкіндігін кеңейтпек.

Тимур Сүлейменов мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздегі екінші деңгейлі банктер жаңа жүйені енгізу үшін техникалық интеграция жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әр қаржы ұйымының өз технологиялық платформасы мен қауіпсіздік жүйесі болғандықтан, оларды бір ортақ жүйеге біріктіру күрделі процесс болып отыр.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, банктер өздерінің QR-технологияларын дамытуға айтарлықтай инвестиция салған. Сондықтан жаңа бірыңғай жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және қауіпсіздік талаптары басты назарда болады.

Жоспарға сәйкес, біріңғай QR-төлем жүйесі биылғы жазда қолданысқа енгізілуі тиіс. Бұл өзгеріс жүзеге асса, тұтынушыларға әртүрлі банктің терминалдарын немесе арнайы қосымшаларын іздеудің қажеті болмайды. Кез келген сауда нүктесінде бір ғана QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі пайда болады.

Мамандардың пікірінше, мұндай жүйе цифрлық экономиканың дамуына серпін беріп, қолма-қолсыз төлемдердің үлесін арттырады. Сонымен қатар бизнес үшін де есеп айырысу процесі жеңілдеп, қаржылық операциялардың ашықтығы күшеймек.

Жалпы алғанда, бірыңғай QR-төлем жүйесі – Қазақстанның қаржы инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.