Сахнаға бастар жол
Қарағанды қаласы тағы да өнер мен таланттың тоғысқан ордасына айналды. Мұнда музыкалық колледж студенттері арасында 47-ші республикалық байқау өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар өз шеберліктерін паш етуде. Бұл дода – тек жарыс емес, кәсіби қалыптасудың, сахна мәдениетін меңгерудің және ұлттық өнерді дәріптеудің маңызды алаңы.
Биылғы байқау түрлі бағыттарды қамтығанымен, Қарағандыда «үрлемелі және соқпалы аспаптар» аталымы бойынша іріктеу кезеңі өтуде. Бұл санатта 60-тан астам жас орындаушы бақ сынап, өз мүмкіндіктерін көрсетуде. Қатысушылардың өнерін тәжірибелі педагогтар, халықаралық байқаулардың лауреаттары мен кәсіби музыканттардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Қазылар мүшелерінің айтуынша, байқаудың басты ерекшелігі – талаптың жоғары болуы. Әр қатысушы тек техникалық шеберлігін ғана емес, сахнадағы өзіндік болмысын да дәлелдеуі тиіс.
– Бірінші турда қатысушылар ірі көлемді шығармаларды және қазақ композиторларының туындыларын орындайды. Бағалау гобой, флейта, фагот, саксофон, кларнет аспаптары бойынша жүргізіледі. Ең алдымен орындаудың тазалығына, ансамбльмен үйлесіміне мән береміз. Сонымен қатар музыканттың өзін сахнада қалай көрсете алатыны да маңызды. Біздің мақсат – жай ғана қатысушыларды марапаттау емес, нағыз кәсіби деңгейі жоғары орындаушыларды анықтау, – деді қазылар алқасының мүшесі Алмас Нұғманов.
Жас өнерпаздар үшін мұндай байқаулар – үлкен тәжірибе мектебі. Әсіресе республикалық деңгейдегі додада өнер көрсету – үлкен жауапкершілік пен толқу. Соған қарамастан, қатысушылар өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуге тырысуда.
Алматы қаласынан келген қатысушы Анжелика Акопян үшін бұл байқау – өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі.
– Мен флейта аспабын жеті жасымнан бері жақсы көремін. Өз қалауыммен музыка мектебіне бардым. Бұл байқауда Тілес Қажығалиевтің «Отырарын», Важа Азарашвилидің сонатасын және қазақ шығармасын орындаймын. Бұған дейін байқауларға қатысқанмын, бірақ республикалық деңгейде алғаш рет. Әрине, толқу бар, бірақ жақсы нәтиже болады деп сенемін. Мұндай жарыстар мені шыңдап, жаңа деңгейге көтереді, – деді Анжелика Акопян.
Шынында да, мұндай өнер додалары жас музыканттардың кәсіби қалыптасуында ерекше рөл атқарады. Олар сахна мәдениетін меңгеріп қана қоймай, өзге өңірлерден келген дарынды қатарластарымен тәжірибе алмасады, шығармашылық байланыс орнатады.
Қазылар алқасының айтуынша, биылғы қатысушылардың деңгейі өте жоғары. Сондықтан жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпайды. Дегенмен, байқау қорытындысында үздіктер анықталып, дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталады.
Қарағандыда өтіп жатқан бұл өнер додасы – жас таланттар үшін үлкен сахнаға бастар маңызды баспалдақ. Өнер жолын таңдаған жастар үшін мұндай байқаулар тек бәсеке емес, болашаққа бағыт беретін үлкен мүмкіндік екені анық.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

