Кене энцефалитінің алдын алу!

Көктем келісімен қала сыртына дем алып, қыдырулар басталады. Сақ болыныздар! Күн жылынғаннан бастап-ақ кенелер қысқы ұйқыдан оянады, олар кене энцефалиті және кене боррелиозы сиякты жұқпалы ауруларды тасымалдайды. Кене белсенділігінің маусымы сәуір айынан бастап қазан айларына дейін, ал олардың белсенділігінің шыңы мамыр және маусым айларына келеді. Кенелер адамға тек орманда ғана емес, сонымен қатар қалалық саябақтарда, бақтарда, бақшаларда да кездеседі. Кене сізге автобуста отырған саңырауқұлақ терушіден немесе бағбаннан  көшіп, сондай-ақ үйге үй жануарларының жүнімен немесе жабайы гүл шоқтарымен келе алады.

         Кене энцефалиті – кенелер арқылы таралатын, қызба, интоксикация, жүйке жүйесінің зақымдануымен жүретін, кейде созылмалы ағымды қабылдайтын вирустық табиғи-ошақты инфекция.

 

Кенеден қалай сақтану керек?

Кенелер кездесіп қалуы мүмкін жерлерге қыдырған кезде, соған лайықты киінген дұрыс. Жейдеше міндетті түрде шалбарға салынып, киімнің жағасын мойын тығыз тұратындай түймелеп қою керек. Шалбардың балағы етікке немесе шұлыққа салынуы қажет. Құлақ пен басты орамалмен орап алған жөн. Егер денеге жабысқан кенені тапсаңыз, оны абайлап тұмсығын теріде қалдырмай денеден алып тастау керек. Ол үшін теріге жабысқан кенеге пинцетпен немесе мықты жіппен ілмектеп байлап, арлы-берлі жайлап алып, содан кейін абайлап тартып алу керек. Егер кененің тұмсығы теріде қалып қойса, тікенді алғандай алып тастап, шаққан жерді спиртпен немесе иіссумен зарарсыздандыру қажет.

Егер байқаусызда кенені езіп жіберген болсаңыз, қолмен ауыз-ерінді ұстамай, сабындап жылы сумен жуыңыз. Денеден алынған кенелерді жерге тастамай, өртеп жіберген дұрыс, себебі жерге тастап оны аяқпен мыжып тастағанмен, олар сыртқы қабығының қалыңдығынан езілмей, тірі қалуы әбден мүмкін. Денесінен кене алынған адамдар  екі апта бойы дәрігердің бақылауында болуы қажет.

Кене энцефалитінен сақтанудың бір жолы – вакцина егу. Кене энцефалитіне қарсы егу жұмыстары, кене энцефалиті бар аумақтарда жұмыс істейтін адамдарға жасалады.

Есіңізде болсын, қауіпсіздік шараларын сақтау, табиғатқа шығу кезінде репелленттерді қолдану, кене сорылған жағдайда ерте медициналық көмекке жүгіну, уақытылы алдын алу және емдеу аурудың қолайлы нәтижесіне ықпал етеді.

Б.Е.АБЖАНОВ,

Қарағанды қаласы

Қазыбек би атындағы ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасы басшысының м.а.

 

Ж.Ж.БЕРКІМБАЕВА,

бөлім басшысы