Зейнетақы қаражатын алу тәртібі жеңілдетілді
Қазақстанда қайтыс болған азаматтардың зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібі өзгертілді. Енді мұрагерлерге аннуитеттік төлем бойынша қаражатты ай сайын күтіп алудың орнына, жинақтың қалған бөлігі біржолғы төлем ретінде толық беріледі.
Бұған дейін қолданыста болған жүйе бойынша, азамат қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы жинақтары туыстарына белгілі бір кесте негізінде ай сайын бөліп аударылатын. Бұл өз кезегінде қаражатқа қол жеткізу мерзімін ұзаққа созып, отбасылар үшін қолайсыздық туғызған.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жаңа норма азаматтардың құқықтарын қорғауды және рәсімдерді жеңілдетуді көздейді.
«Бұл өзгеріс мұрагерлер үшін процедураны барынша түсінікті әрі жедел етуге бағытталған», – деді депутат.
Билік өкілдері де бұрынғы төлем механизмі азаматтар үшін күрделі болғанын мойындап отыр. Енді енгізілетін жаңа тәртіп зейнетақы жинақтарын алу процесін барынша ашық әрі жедел форматқа көшіруге мүмкіндік береді.
