Жұмыссыздарды қолдауда жаңа формат
Қазақстанда жұмыспен қамту саясаты жаңа тәсілге көшіп жатыр. Енді мемлекет осал санаттағы әрбір жұмыссыз азаматпен жеке жұмыс жүргізіп, оны жұмыс орнына дейін толық сүйемелдеуге басымдық бермек.
Жаңа жүйе аясында «басым топқа» 90 мыңнан астам адам енгізілген. Бұл санатқа жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтар, ұзақ уақыт еңбек нарығынан тыс қалғандар және әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар кіріп отыр. Ал жоғары білімі бар, соңғы уақытта жұмыс тәжірибесі бар үміткерлер бұл тізімнен шығарылған.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, жұмыссыздарды қолдау процесі цифрландырылған. Мансап орталықтарының мамандары әрбір азаматты арнайы жүйе арқылы нақты уақыт режимінде бақылап, оның оқу курстарынан өтуінен бастап, жұмысқа орналасуына дейінгі барлық кезеңді тіркеп отырады.
Соған қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі таңда бұл жүйе арқылы шамамен 40 мың адамның ғана нақты қамтылғанын мойындап отыр. Бұл көмекке мұқтаж азаматтардың едәуір бөлігі әлі де толық қолдаудан тыс қалып отырғанын көрсетеді.
Ведомство өңірлерге жұмыссыздармен жеке жұмысты күшейтуді және цифрлық жүйедегі қамтуды кеңейтуді тапсырды. Мамандардың айтуынша, жаңа форматтың басты мақсаты — жұмыспен қамту шараларын барынша атаулы әрі тиімді ету.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»
