Бензин бағасы: баяу өсім, қатаң бақылау
Қазақстанда бензин бағасы біртіндеп өсіп келеді, алайда билік өкілдері бағаның күрт қымбаттауы болмайтынын айтып отыр. Мораторийдің аяқталуынан кейін жанармай нарығындағы жағдайға ерекше бақылау күшейтілген.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, шектеулер алынғаннан кейінгі екі аптада жанармай құны негізінен тұрақты сақталып, тек жекелеген жерлерде ғана литріне шамамен бір теңгеге артқан. Ведомство өкілдері нарықтағы өзгерістер қалыпты деңгейде екенін алға тартады.
Осы орайда ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев баға саясатына қатысты нақты ұстанымды жеткізді:
«Мемлекет пен Энергетика министрлігі жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасының күрт өсуіне жол бермейді. Мораторий күші жойылғаннан бері екінші апта өтіп жатыр, бірақ біздегі мәліметтер бойынша, баға негізінен тек бір теңгеге ғана көтерілді. Тіпті бағаның екі-үш теңгеге өскені туралы ақпарат жоқ. Мұндағы ең маңызды мәселе – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, бұл біз үшін энергия ресурстары болып табылады. Энергетика министрлігі ұлттық компаниямен бірлесіп, азаматтарымызды, тұрғындарды ЖЖМ-мен толық қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс жүргізуі қажет. Бензин сапасына келер болсақ, біздің үш ірі зауытымызда ең үздік зертханалар жұмыс істейді, сондықтан бензин сапасына қатысты шағымдар түсіп жатқан жоқ. Баға өседі, бірақ күрт секіріссіз, біртіндеп көтеріледі. Біз үшін ең бастысы — азаматтарымыз үшін қажетті ЖЖМ қорын қалыптастыру және екіншіден, әлеуметтік көңіл-күйді тұрақты сақтау», – деді вице-министр.
Үкімет деңгейінде де бұл мәселе назарда. Премьер-министр Олжас Бектенов тарифтік саясаттың болжамды болуы және инфляцияны тежеу мақсаттарымен қатаң үйлестірілуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Ұлттық экономика, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне бірқатар нақты тапсырма берген.
Жалпы алғанда, билік өкілдері мораторийден кейінгі кезеңді бағаны бақылауда ұстау мен нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету кезеңі ретінде қарастырып отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

