Ерекше балаларға – ерекше қолдау: инклюзивті қоғамның маңызды қадамы

Қоғамның дамуы оның ең әлсіз топтарына деген көзқарасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау – тек білім беру саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қарағандыда педагогтар мен болашақ психологтарға арналған ауқымды семинар осы маңызды тақырыпқа арналды. Шара Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру айлығына орай ұйымдастырылып, мамандарға заманауи оқыту әдістері мен инклюзивті білім берудің тиімді жолдары түсіндірілді.

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні ретінде белгіленген. Бұл күн және сәуір айы бойы әлем бойынша аутизм спектрінің бұзылуы туралы қоғамды ақпараттандыру, стереотиптерді жою және инклюзивті ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мақсат – аутизмі бар балалар мен ересектердің қоғамда толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау.

Қарағандыдағы семинар барысында педагогтар балалардың мінез-құлқын дұрыс түсіну, олардың ерекшеліктерін қабылдау және тиімді жұмыс істеу әдістерін талқылады. Мамандардың айтуынша, мұндай балалармен жұмыс істеуде басты қағида – жазалау емес, қолдау мен ынталандыру.

– Бүгінгі шараның мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарға ақпарат беру, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, – деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қарағанды облыстық филиалының директоры Мейрамгүл Жетпісбаева.

Семинарға тек тәжірибелі мұғалімдер ғана емес, болашақ мамандар – психология факультетінің студенттері де қатысты. Бұл – инклюзивті білім беру жүйесін ерте кезеңнен бастап қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.

Қарағанды облысында ерекше балалармен жұмыс жүргізетін орталықтар жүйелі түрде дамып келеді. Солардың бірі – аутизм спектрі бұзылған балаларға кешенді қолдау көрсететін орталық. Мұнда тек балаларға ғана емес, олардың отбасыларына да психологиялық және педагогикалық көмек беріледі.

– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – ерекше балаларға берілетін көмектің сапасын арттыру. Біз инклюзивті білім беруді дамыту арқылы әр баланың қоғамда өз орнын табуына жағдай жасағымыз келеді, – деді Әсем Искакова, Қарқаралы қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектеп директоры.

Мамандардың пікірінше, ерекше балалармен жұмыс тек әдістемелік біліммен шектелмейді. Бұл – ең алдымен адамгершілік, сабыр және әр баланың ішкі әлемін түсіне білу қабілеті. Инклюзивті орта қалыптастыру – қоғамдағы теңдік пен әділеттіліктің көрсеткіші.

Бүгінде әлем елдері инклюзивті білім беруді дамытуға басымдық беріп отыр. Қазақстан да бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, басты өзгеріс – қоғамның көзқарасында.

Ерекше балаларға қолдау көрсету – оларды «өзгеше» деп бөлу емес, керісінше, олардың мүмкіндігін ашуға жағдай жасау. Қарағандыда өткен семинар да осы ұстанымды нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.

Мұндай шаралар тек педагогтардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, қоғамда мейірім мен түсіністік мәдениетін қалыптастырады. Ал бұл – инклюзивті қоғам құрудың ең маңызды негізі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»