Тұтынушы құқығы – басты назарда

Қарағанды облысында тұтынушылардың өз құқықтарын қорғау бағытындағы белсенділігі айтарлықтай артты. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға 822 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға көп.

Өтініштер санының артуына цифрлық сервистердің дамуы айтарлықтай ықпал етті. Атап айтқанда, «Е-өтініш» жүйесі арқылы 540 өтініш жолданып, өткен жылмен салыстырғанда шамамен бір жарым есе өсім байқалды. Сонымен қатар, жеке қабылдауға жүгінгендер саны да көбейген – 107 адам мамандар көмегіне жүгінген. Бұл көрсеткіштер құқықтық қорғау тетіктерінің қолжетімділігі артқанын ғана емес, халықтың құқықтық сауатының да өскенін аңғартады.

Дегенмен өтініштер санының көбеюі тек белсенділікпен ғана емес, қызмет сапасына қатысты мәселелердің жиілеуімен де байланысты. Ең жоғары өсім тұрмыстық қызмет көрсету саласында тіркелген – 192 өтініш. Бөлшек сауда саласында 191 өтініш түсіп, 44,7 пайызға артқан. Ал білім беру саласында 68 өтініш тіркеліп, бұл көрсеткіш 13 еседен астам өсімді көрсетеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта 55, ал байланыс қызметтерінде 22 өтініш тіркелген.

Керісінше, кейбір салада шағымдар саны азайған. Электрондық сауда бойынша 234 өтініш түсіп, 33,9 пайызға төмендеген. Туристік қызметтер саласында бар болғаны 3 өтініш тіркеліп, 72,7 пайызға қысқарған.

Есепті кезеңде тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемі де едәуір артқан. Жалпы сома 28,9 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 126,8 пайызға жоғарылаған. Бұл атқарылған жұмыстардың нәтижелілігін айғақтайды. Мәселен, бірінші тоқсанда сотқа дейінгі тәртіпте қаралған резонансты істердің бірінде тұтынушы жиһаз дүкенімен болған дауда 5,5 миллион теңгені қайтарып алған.

Мемлекеттік бақылау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Тексеру қорытындысы бойынша 5 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 64 875 теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, бір ескерту беріліп, бір заңбұзушылықты жою туралы нұсқама шығарылған.

Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы сюжеттер жарияланып, «Таир» сауда үйінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Аталған шараға 300-ден астам адам қатысып, тұтынушыларға кеңес беріліп, кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтау бойынша ұсынымдар жасалды.

Алдағы уақытта департамент қызметі профилактикалық шараларды күшейтуге, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейтуге және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталмақ.

Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі, 34, 4-қабат мекенжайында орналасқан Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Сондай-ақ 8 (7212) 21-42-08 сенім телефоны арқылы кеңес алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, eGov.kz порталы арқылы «Е-Өтініш» сервисін пайдаланып, өтінішті онлайн жолдауға болады.

Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің ақпараты негізінде