Қолданыста болған көліктерге сұраныс көп
Күзден бері Қазақстанда қолданыста болған автокөліктердің құны 5-тен 21%- ға дейін қымбаттады. «Колёса.кз» сайтының сарапшылары биылғы жылға арналған автокөлік бағаларын талдағаннан кейін осындай тұжырым жасап отыр. Темір тұлпарлар бағасының күрт шарықтауына өзіндік бірнеше себеп бар. Ал осы саланы зерттеушілердің қайсыбірі бұл автокөлік нарығындағы уақытша құбылыс деп болжам жасауда.
Көлік жүргізушілері кедендік рәсімдеудің қымбат болуына байланысты Қазақстанға жаңа машиналар көп әкелінбейді деп есептейді. Қалтасына қолайлы, тұтынуына жарамды көлік іздегендер табан тоздырып автосалондарды аралайды. Көп жағдайда бағадан баз кешіп, амалсыз ұсталған автокөліктерден таңдайды. Көлік іздегендердің айтуынша күн санап баға артуда. Өткен жылмен салыстырғанда бұл шамамен 30 немесе одан да көп пайызды құрайды. Әрине, мұның барлығы теңге бағамының әлсіреуіне де байланысты.
Елімізде Ресейде, Арменияда және Қырғызстанда сатып алынып, бастапқы тіркеуді қажет етер көлік көп. Бұл қызметтің құны қалта қағарлық. Өзге шетелдерде дәл осындай маркадағы тыстан келген көліктерді бір жарым есеге арзан сатып алады. Бұл ретте олардың жалақысы қазақстандықтардың орташа жалақасына қарағанда әлдеқайда жоғары.
Жүргізушілердің айтуынша, соңғы айларда қымбат көліктердің бағасы тіпті 40%-ға дейін өскен. Бірақ «Колеса.кз» сайтының деректеріне сүйенсек, 2019 жылы шыққан «Тойота Камри 70» автокөлігінің бағасы 7%-ға көтерілсе, сол жылы шыққан «Киа-Рио» 21,7 пайызға өскен. Мұның себебі түсінікті, сұраныс ұсыныстан асып түскен жағдайда, сатушы сәйкесінше бағаны да көтереді және оның бағасы алдағы уақытта тек қымбаттайды.
— Ішкі істер министрлі тарапынан ресейлік көліктерге қысым күшейе бастады. Бұл біздің нарықты салыстырмалы түрде арзан және болжамды сападағы шетелдік көліктермен қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Бұның барлығы көп ұзамай қалпына келетіні бәріне түсінікті. Қазақстанға, әсіресе қазақстандық есепке тіркеліп әкелінген көліктердің құнының артатыны сөзсіз,- дейді «ОСА» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, автоэксперт Василий Климаков.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 5-тен 15 жылға дейін жарамдылықта болған көліктердің үлесі 80 пайызға дейін жақындап келеді, яғни ел азаматтары ұсталған көліктерді көбірек сатып алуда. Халықтың да төлем қабілеттілігі төмендеп келеді. Жергілікті зауыттар болса, қазақстандықтар сатып алғысы келетін және сатып ала алатын көліктерді ұсына алмауда. Өзіміздікімен қарық қылмаймыз, өзгенікі болса, тіркеуге қатысты проблемалар туындайды. Көлік мінгісі келгендердің көкейінде бір сауал. Қайтпек керек?
Автосарапшылар: «Бұл тығырықтан шығар жол жалғыз қандай да бір компания арқылы жүйені реттеу керек. Қазақстаннан тыс жерде нақты иесі бар, кепілдендірілген көлікті алуға болатындай, ол оны қандай да бір уақыт ішінде сырттай қайта сатып жібермейтіндей, есептен шығармайтындай инфрақұрылым ойластырып, сервистік қызмет құру қажет. Осындай жағдайларға бейімделіп, қазақстандық нарыққа салыстырмалы түрде арзан автокөліктерді ұсыну қажет,-дейді мамандар.
Осыған ұқсас мәселелер басқа елдерде де болды, бірақ олар оның шешімін таба білді. Қазақстандықтарға көлік сатып алуда сауда сауаттылығы қажет. Көлік құнын төлеумен мәселе аяқталмайтынын ұғыну керек. Оның тіркеуден шыққан, шықпағаны, оған қатысты негізгі заңды құқық кімнің иелігінде қалатыны, іздеуде емесетігін нақтылау қажет. Мұның барлығы болашақта болып қалуы мүмкін проблемалық жағдайлардың алдын алады. Сондай-ақ оны сақтандыру, салық, техникалық қызмет көрсету және т.б. үшін қызмет ақысын төлеуге тура келетінін ескеру қажет.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ
QH.