Ел қорғаны болған сарбаздар туған жерге табан тіреді
Ақтау гарнизонында орналасқан 25744 әскери бөлімінің Теңіз жаяу бригадасында Отан алдындағы борышын өтеген қарағандылық 35 сарбаз елге оралды. Қарағанды теміржол вокзалында оларды ата-аналары, туған-туыстары мен жақындары ерекше толқыныспен қарсы алды. Әскерден аман-есен оралған азаматтардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі анық байқалды. Бұл сәт – тек сарбаздардың ғана емес, оларды сарғая күткен жандардың да көптен күткен қуанышты күні болды.
Әскери қызмет – әр азаматтың өміріндегі маңызды кезең. Ақтау гарнизонындағы Теңіз жаяу бригадасында шыңдалған жас сарбаздар тәртіпке, жауапкершілікке және Отанға деген адалдыққа үйреніп қайтты. Олар бір жыл ішінде тек физикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да өсіп, нағыз ел қорғайтын азамат ретінде қалыптасты. Әскерден оралған сарбаздардың бірі Оразбай Мылтықбай бұл кезеңнің оның өмірінде айрықша орын алатынын атап өтті.
– Әскери қызмет әр жігітті шынықтырып, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Отан алдындағы борышты өтеу үлкен мәртебе. Сондай-ақ, бірге қызмет атқарған жолдастарыммен бауырдай болып кеттік, қиындықтарды бірге еңсердік. Әскер – нағыз ер азаматты тәрбиелейтін мектеп. Біз сол мектептен өтіп, елге абыроймен оралдық, – дейді әскерден оралған сарбаз Оразбай Мылтықбай.
Сарбаздардың елге оралуы – қоғам үшін де маңызды оқиға. Себебі, бұл – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарған азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрмет. Қарағандылық жас сарбаздардың қайсарлығы мен табандылығы кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз. Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ақтау гарнизонында әскери борышын өтеп келген бұл жігіттер елдің ертеңі үшін жауапкершілікті сезінетін, рухы биік, патриот азаматтар ретінде туған жерге оралды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

