Дәрігер тапшылығы өзекті мәселе

Қарағанды облысында медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, акушер-гинекологтар мен реаниматологтарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты өңірде медицина университеттері мен колледж түлектерін жұмысқа тарту жұмыстары күшейтілуде.

Өңірдегі емханаларда кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Әсіресе терапевт, акушер-гинеколог қабылдауына және УДЗ тексерісіне кезек күту жағдайлары жиі кездеседі. Осы түйткілді шешу мақсатында сала мамандары дәрігерлер жетіспеушілігін кезең-кезеңімен азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағытта өңірде арнайы жол картасы іске қосылған.

– Өткен жылы ғана ауруханалар мен емханаларға 187 жас маман дәрігер жұмысқа орналасқан. Биылғы жылы бұл көрсеткіш артып, тағы 80-ге жуық резидент пен 400-ге жуық медбикенің қатарға қосылуы күтілуде. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығын азайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр, – деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев.

Мамандарды өңірлерге тарту мақсатында көтерме жәрдемақы, тұрғын үй және түрлі өтемақы түрлері қарастырылған. Өткен жылы жүзден астам дәрігер, соның ішінде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандар да осындай мемлекеттік қолдауға ие болды. Сонымен қатар салада тәлімгерлік жүйесі енгізіліп, дәрігерлердің шетелде біліктілігін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда. Билік өкілдері кадрларды тарту маңызды болғанымен, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде кадр тапшылығын азайту үшін мамандарға көтерме жәрдемақы, тұрғын үй және өтемақы түріндегі қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ тәлімгерлік жүйе енгізіліп, дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін шетелдік тағылымдамаларға жіберу тәжірибесі жолға қойылған. Басты міндет – тек мамандарды тарту емес, оларды тұрақты ұстап қалуға жағдай жасау, – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды өңірі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобасы аясында пилоттық алаң ретінде таңдалып отыр. Мұнда вакциналарды сақтау және тасымалдау үдерісін онлайн бақылауға мүмкіндік беретін «суық тізбек» жүйесі енгізілуде. Арнайы датчиктер орнатылған ондаған нысан қазірдің өзінде іске қосылып, вакциналардың сапасын қатаң қадағалауға жол ашуда.

– Вакцинациямен қамту деңгейі жыл сайын артып, бірқатар инфекциялық ауру бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалуда. Соның ішінде адам папилломавирусына қарсы екпе науқаны да жүйелі түрде жалғасып келеді, бұл ретте мектеп оқушыларына вакцинация ата-аналардың келісімімен жүргізіледі. Бұл шаралар халықтың денсаулығын қорғауға және аурудың алдын алуға бағытталған, – деді Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

Мамандар дәрігерлерді өңірге тарту және вакцинация үдерісін бақылау жұмыстарын күшейтетінін мәлімдеді. Облыс басшысы жол картасын іске асыруды жүйелі түрде жалғастыруды және халық арасында профилактикалық егулерге мониторинг жүргізуді тоқтатпау керектігін тапсырды. Бұл шаралар денсаулық сақтау саласындағы тиімділікті арттыруға бағытталған.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»