Аутизмі бар балаларды қолдау мәселесі талқыланды
Қарағанды қаласында аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларды кешенді қолдау тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, сала мамандары, сарапшылар және ата-аналар қатысып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады. Қатысушылар бұл бағыттағы өзекті проблемаларды көтеріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов бастаған депутаттар «Balpan» түзету-дамыту орталығына барып, оның қызметімен танысты. Орталықта ерекше білімді қажет ететін балаларға педагогикалық әрі психологиялық қолдау көрсетіледі. Мұнда 50-ден астам білікті маман еңбек етеді, олар Астана, Алматы және Мәскеуде кәсіби біліктілігін арттырған. Сонымен қатар орталықтың жоғары оқу орындарымен байланысы нығайып, жаңа бөлімдер мен филиалдар ашу арқылы қызмет ауқымы кеңейіп келеді.
– Орталықта массажистер, кинезотерапия және емдік дене шынықтыру (ЛФК) мамандары, невролог және реабилитолог дәрігерлер кешенді қызмет көрсетеді. Мамандардың бірлескен жұмысы балалардың денсаулығын қалпына келтіруге және дамытуға бағытталған. Мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында да жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы 150 балаға көмек берілсе, 2025 жылы 100 бала қамтылды, – деді «Balpan» түзету-дамыту орталығы жанындағы «Aqylsana» қоғамдық қорының құрылтайшысы Маржан Тұрлыбекова.
Бұл жолғы дөңгелек үстелдің маңызы ерекше болды. Жиын мемлекеттік мекеме өкілдерін, сарапшыларды, медицина мамандарын және аутизм спектрінің бұзылысы бар балалардың ата-аналарын бір алаңға біріктірді. Басқосуда мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері көтеріліп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігі кеңінен талқыланды. Қатысушылар қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мен мамандар арасындағы ынтымақтастықты арттыру жолдарын да назарға алды.
– Бұл мәселе тек кәсіби жауапкершілік шеңберінде ғана қаралмайды, ол – қоғамның қаншалықты дамығанының көрсеткіші. Әрбір баланың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға дайын болу – баршаға ортақ міндет. Бүгінде біз осы түйткілмен бетпе-бет келіп отырмыз. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау мен жағдай жасалып жатқанымен, жауапкершілік тек сонымен шектелмеуі тиіс. Бұл ретте ата-аналардың да белсенділігі мен жауапкершілігі айрықша маңызды, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов.
Облыстық мәслихат депутаттары аутизм спектрінің бұзылыстарын ерте анықтау және білікті мамандар даярлау мәселелерін басты назарға алды. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерді қоғамға бейімдеу, олардың әлеуметтенуіне жағдай жасау бағыттары да кеңінен талқыланды. Қатысушылар бұл саладағы жүйелі жұмысты күшейтудің маңызын атап өтті.
– Меніңше, резолюцияға мемлекет тек реттеуші рөлмен шектелмей, бүкіл жүйенің негізгі интеграторы болуы қажет деген ұстанымды енгізу керек. Мемлекеттік қолдаудың басты бағыттары ретінде инфрақұрылымды дамыту, мамандандырылған орталықтар ашу, түзету және инклюзивті мекемелер желісін кеңейту қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар шығармашылық және оңалту хабтарын құру маңызды. Бұған қоса бірыңғай үйлестіру орталықтарын қалыптастырып, ата-аналарға арналған «бір терезе» қағидатын енгізу қажет. Әр отбасыға жеке куратор бекітіліп, баланы сүйемелдеудің жеке бағыты әзірленуі тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Қадиша Оспанова.
Соңғы бес жылда елімізде аутизм диагнозы қойылған балалар саны айтарлықтай өсіп, үш есеге жуық артқан. Бүгінде Қазақстан бойынша 13 мыңға жуық бала есепте тұр. Ал Қарағанды облысында 500-ден астам балаға аутизм спектрінің бұзылысы диагнозы қойылған. Бұл көрсеткіш мамандар назарын аудартып, мәселенің өзектілігін айқындай түсуде.
– Бұл дөңгелек үстел көптеген өзекті сұрақты ашық әрі жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Шара ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарының өмір сапасын жақсартуға оң ықпал етеді. Себебі бүгінде аутизм ерте жастан анықталып, дер кезінде қолдау көрсету мүмкіндігі артып отыр. Осындай басқосулар ата-аналарға қажетті көмектердің қолжетімділігін кеңейтіп, жүйелі қолдау тетіктерін дамытуға жол ашады деп санаймын, – дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас балалар психиатры Ирина Брико.
Дөңгелек үстел ашық диалог алаңына айналып, ата-аналар облыстық мәслихат депутаттары мен сала мамандарынан өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алды. Кездесу барысында мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірленіп, оларды облыстық мәслихаттың бейінді комиссиясы бақылауға алды. Айта кету керек, бұл шара «Aqylsana» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

