Театр тағдырымен тамырлас тұлға
Қазақ театр өнерінің тарихында сахнамен тағдырын тұтастырған, өнерді өмірінің мәніне айналдырған тұлғалар аз емес. Алайда солардың ішінде тұтас бір дәуірдің тынысын бойына сіңіріп, бірнеше буынның шығармашылық жолына бағдар болған саңлақтар сирек. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерғали Жүніспеков – сондай дара тұлғалардың бірі. Биыл 90 жасқа толған ардагер актердің мерейтойы – тек жеке адамның ғана емес, қазақ сахна өнерінің үлкен белесі.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры – Ерғали Сыздықұлының шығармашылық ғұмырымен біте қайнасқан қасиетті қара шаңырақ. Ол кәсіби театрлық білімді осы театр жанындағы студияда алып, содан бері бүкіл саналы ғұмырын сахнаға арнады. Алпыс бес жылдан астам уақыт бойы өнерге адал қызмет еткен актер жүзден астам рөл сомдап, олардың басым бөлігін театрдың алтын қорына енгізді.
Мерейтой иесінің шығармашылық жолы – қазақ және әлемдік драматургияның інжу-маржандарымен тығыз байланысты. Уильям Шекспирдің классикалық кейіпкерлерінен бастап, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінің алыптары жазған образдарға дейінгі кең ауқымдағы рөлдері оның актерлік шеберлігін айқын көрсетеді. Ромео, Кебек, Төлеген секілді бейнелері – ұлттық сахна өнерінің жауһарларына айналған туындылар.
Ерғали Жүніспековтің актерлік мектебі – тек кәсіби шеберлікпен шектелмейді. Ол – сахна мәдениеті, адамгершілік, әріптестік пен өнерге адалдықтың үлгісі. Театрдағы жас буын үшін оның өмір жолы – үлкен мектеп, ал сахнадағы әрбір рөлі – тәжірибе мен тағылымға толы сабақ.
Мерейтой аясында өткен салтанатты кеш – осының айқын дәлелі болды. Кеш барысында актердің сан қырлы шығармашылық жолы театрландырылған көріністер арқылы қайта жаңғыртылып, бір кездері өзі сомдаған кейіпкерлер жас актерлердің орындауында сахнаға қайта оралды. Бұл көріністер көрерменді өткен мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпірге жетеледі.
Өнердегі әріптестері мен замандастары Ерғали Жүніспековтің тұлғасына ерекше құрметпен қарайды. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков оның болмысын былай сипаттайды:
– Ераға – өнер мен адамдықтың биік өлшемі. Ерғали Сыздықұлы – театр тарихының бірнеше буынын жалғап тұрған сирек тұлға. Ол – сахнаның ғана емес, адамдықтың да абызы. Өткен ғасырдың 60-жылдары театрға алғаш келген кезімде оның ерекше болмысына куә болдым. Оның әзілқойлығы, аңғал күлкісі, достарына деген ықыласы ерекше еді. Сонымен қатар ол – тарихқа құмар, үнемі ізденісте жүретін жан. Осындай қасиеттері оны үлкен өнерге алып келді. Бүгінде ол – біз үшін бағдаршам іспетті тұлға, – дейді ол.
Ал актриса, «Құрмет» орденінің иегері Нұржібек Жансүгірова әріптесінің адамгершілік болмысын ерекше атап өтті.
– Ераға – сахнадағы сенімді серік, өмірдегі асыл аға. Онымен бірге сахнада қызмет етіп келе жатқанымызға жарты ғасырға жуықтады. Ол әрдайым серіктесіне қолдау көрсетіп, әр рөлін терең зерттеп, кейіпкерін жан-жақты ашуға ұмтылатын еңбекқор жан. Кейде сахнада күлкіге ерік беріп, бүкіл ұжымды шаттыққа бөлейтін сәттері де болатын. Бұл – оның шынайы болмысының көрінісі. Оның өмірлік ұстанымы мен адамгершілігі бізге әрдайым үлгі, – дейді актриса.
Ерғали Жүніспековтің өнердегі еңбегі жоғары бағаланып келеді. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болып, түрлі құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар Президент сыйлығының лауреаты атанып, ел мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін зор құрметке бөленді.
Мерейтой иесін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы құттықтап, оның өнердегі орны мен еңбегіне жоғары баға берді.
– Сізді 90 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Театрға арналған өмір жолыңыз бірнеше буынға үлгі болып, дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етті. Сахна өнерінің дамуына зор үлес қосып, жарқын бейнелер жасадыңыз. Екі дәуірдің куәсі ретінде зор құрметке ие болып отырсыз, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Ерғали Жүніспеков көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді:
– Мен бала кезімнен өнерге құштар болдым. Өмірде ең бастысы – адамгершілік пен өмірсүйгіштікті жоғалтпау. Жастарға айтарым – театрға адал қызмет етіп, шабытпен еңбек етсін, – деді ол.
Ерғали Жүніспековтің еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланған. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілген, құрмет грамоталарымен марапатталған және Президент сыйлығының лауреаты болып табылады.
Ғұмырын сахнамен сабақтастырған саңлақтың өмір жолы – өнерге адалдықтың, рухани тазалықтың және шынайы таланттың жарқын көрінісі. Ерғали Жүніспеков сынды тұлғалар барда қазақ театрының шамшырағы ешқашан сөнбейді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

