Бір SMS-тен басталған дау: «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» премьерасы көрерменді ойландырды

Сәкен театрында өткен «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» комедиясының премьерасы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Классикалық туындыны заманауи үлгіде жаңғыртқан бұл қойылым бүгінгі қоғамдағы отбасы мәселелерін батыл көтеруімен ерекшеленді.

Қоюшы режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан спектакльдің негізгі идеясын былай түсіндіреді:

– Біз жай ғана комедия болсын деп қойып жатқан жоқпыз, бұл – өте ащы комедия. Бұл – шындыққа толы, өзекті қойылым.

 

Телеграммадан SMS-ке дейін

Мұхаметжан Хасеновтың бұл шығармасы алғашында телеграмма төңірегінде өрбісе, жаңа қойылымда оқиға желісі толықтай қазіргі заманға бейімделген. Барлығы бір SMS-хабарламадан басталады.

– Қазіргі кезде бәріміз телефонға тәуелді болып бара жатырмыз. Сондықтан біз қойылымды сол бір SMS-тен бастаймыз. Бір ғана хабарлама бүтін бір отбасының ішін астан-кестең етеді, – дейді режиссер.

Шынында да, қысқа ғана хабарлама үш отбасының тағдырына әсер етіп, сенім мен күдік арасындағы күресті көрсетеді.

 

Әлеуметтік желі ықпалы: сенімге сызат түскен сәт

Қойылымның басты өзегі – қазіргі қоғамдағы ақпараттық қысым мен әлеуметтік желілердің адам санасына әсері. Спектакльде интернеттегі түрлі «кеңестердің» отбасылық қарым-қатынасқа қалай кері әсер ететіні сатира арқылы ашылады.

– Қазір әлеуметтік желідегі «психологтарды» тыңдасаң, қорқасың. «Күйеуің дауысын көтерсе – сүймейді», «кеш келсе – басқа біреуі бар» деген сияқты пікірлер отбасыларды бұзады, – дейді Айдын Салбан.

Осы тұрғыда қойылымдағы басты кейіпкерлердің бірі – жас келіншектің психологиялық күйі арқылы бүгінгі қоғамдағы шынайы жағдай көрсетілген.

 

Күлкі мен ащы шындық

Жанры комедия болғанымен, қойылымның астарында терең әлеуметтік мәселе жатыр. Ажырасу, сенімсіздік, жалғыздық – бүгінгі қоғамның өзекті тақырыптары ретінде көрініс тапқан.

– Қазір ажырасқан адамдар көп. Үйленбей жүрген жастар да аз емес. Себебін сұрасаң, нақты жауап жоқ. Меніңше, бұл жерде материалдық емес, рухани мәселе басым, – дейді режиссер.

Оның айтуынша, қойылымның басты мақсаты – көрерменге ой салу:

– Егер залға келген 600 адамның алтауы ойланса, алтауы ажырасудан бас тартса – біздің жеңісіміз сол.

 

Жастарға жақын формат

Қойылымда Сәкен театрының жас актерлері өнер көрсетеді. Жалпы 16 актер қатысқанымен, негізгі оқиға үш жұптың төңірегінде өрбиді. Қосымша көпшілік сахналар спектакльді жандандырып, жастарға тартымды ете түскен.

Премьераны тамашалаған көрермен ретінде атап өтер жайт – қойылым заманауи әндермен әрленіп, бүгінгі стильде сахналанған. Диалогтар жеңіл, түсінікті, ал актерлердің ойыны шынайы әсер қалдырады.

 

Көрерменге ой салған қойылым

Спектакль жас жұбайларды өзара сыйластыққа, сенім мен адалдыққа шақырады. Тұрмыстағы ұсақ-түйек мәселелердің үлкен дауға айналмауын ескертеді.

– Біз осы қойылым арқылы көрерменді аздап болса да ойландырсақ дейміз. Мүмкін, біреулер өз өміріне басқаша қарай бастар, – дейді режиссер.

Сәкен театры сахналаған бұл премьера – күлкі арқылы күрделі мәселелерді жеткізе білген, заманауи көрерменге арналған мазмұнды туынды. Бір SMS-тен басталған оқиға әр көрерменге таныс жағдайларды еске салып, ең басты құндылық – сенім екенін тағы бір дәлелдейді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»