Жас таланттардың жарқыраған сәті
Қарағанды қаласында өткен «Жұлдыз-2026» республикалық эстрадалық ән орындаушылары конкурсы биыл да жас таланттардың басын қосқан ірі мәдени орынға айналды. Кеншілер мәдениет сарайында ұйымдастырылған дәстүрлі жоба еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздардың шеберлігін шыңдап, сахналық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Байқаудың басты мақсаты – заманауи эстрада жанрында өнер көрсетіп жүрген жастардың орындаушылық деңгейін көтеру, дарынды орындаушыларды анықтап, оларды кең аудиторияға таныстыру. Сонымен қатар, эстрадалық бағыттағы жас әншілерді қолдау арқылы ұлттық мәдениеттің дамуына серпін беру көзделген. Шара Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Кеншілер мәдениет сарайының ұйымдастыруымен өтті.
Биылғы конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен – Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен бірқатар облыстардан 90-нан астам үміткер өтінім берген. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша олардың ішінен 19 орындаушы ғана финалдық кезеңге жолдама алды. Бұл байқаудың бәсі жоғары екенін аңғартты.
Байқау барысында қатысушылар жанды дауыста ән орындап, өздерінің вокалдық мүмкіндіктерін, сахнадағы еркіндігін және көрерменмен байланыс орната алу қабілетін көрсетті. Қазылар алқасы әр үміткердің орындау техникасына, репертуар таңдауына және сахналық мәдениетіне ерекше мән берді.
Қорытынды кезеңде үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлде Шымкент қаласынан келген Фариза Беймаханбетке бұйырды. Ол дипломмен қатар, қаржылай сертификатқа ие болды. Бірінші орын астаналық Айдар Жазықпаевқа табысталды. Ал екінші орынды Алматы облысының өкілі Камила Талгатова иеленді. Үшінші орын екі қатысушыға – Жетісу облысынан Ақжол Серикханов пен Қарағанды облысынан Аяла Мукушеваға берілді. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Бүркіт Жанай Люция Тулешева атындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды.
Байқауда бірқатар қатысушылар дипломант атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар барлық өнерпазға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, олардың шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Бұл байқау жас әншілер үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналып отыр. Мұндай жобалар өнерлі жастардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашып қана қоймай, олардың сахнадағы сенімін нығайтып, жаңа белестерге жетелеуге ықпал етеді.
Қарағандыда өткен «Жұлдыз» конкурсы тағы бір мәрте өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі екенін дәлелдеді. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан жоба алдағы уақытта да талай жас таланттың танылуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

