Қарағандыда вакциналарды цифрлық бақылау жүйесі енгізілуде
Қарағанды облысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «суық тізбегін» автоматтандыру пилоттық жобасының алаңына айналды. Бұл жоба вакциналарды сақтау және тасымалдау кезінде тиісті температураны қамтамасыз ететін жаңа жүйені қамтиды.
Енді жеткізуден бастап вакцинацияға дейінгі барлық кезеңдер арнайы датчиктердің көмегімен нақты уақыт режимінде қадағаланады. «Бұл технология вакциналардың сапасын сақтауға және егу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», — дейді жобаның мамандары.
Бүгінгі таңда пилоттық жобаға 11 медициналық нысан қосылған. Егер тәжірибе сәтті өтсе, Қарағанды облысының тәжірибесін бүкіл елге тарату жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйенің арқасында өңірде иммундаумен қамту көрсеткіші артып, бірқатар инфекциялар бойынша аурушаңдық деңгейі төмендеуде. Бұл — заманауи технологияларды енгізу арқылы қоғамдық денсаулықты қорғаудың тиімді қадамы.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

