Жедел жәрдем жүктемесі артып отыр

Қарағанды облысында жедел жәрдем қызметінде кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Өңірдегі бригадалар күн сайын миллионнан астам тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Мамандар тапшылығы саладағы жүктемені арттырып, қызмет сапасына әсер етуде.

Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің өкілдері өңірде жедел жәрдем саласында мамандар тапшылығы бар екенін алға тартты.

– Маман тапшылығы, әсіресе дәрігерлер арасында қатты сезіледі. Қазіргі білім беру жүйесінде интернатура мен резидентура кезеңдері енгізілген, соның салдарынан жас мамандар бірнеше жыл уақыт жоғалтады. Көпшілігі мұндай ұзақ дайындықтан өтіп, кейінге қалдырылған қызметте жұмыс істеуге құлық танытпайды. Сондықтан бұл процесті жеңілдету қажеттігі жиі айтылады. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер интернатура немесе мамандану кезеңінде жүріп-ақ жедел жәрдем қызметінде қатар жұмыс істей алатын мүмкіндік қарастырылуы тиіс, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Жанат Елубаев.

Жедел жәрдем қызметі тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, дәрігерлер әртүрлі жағдайдағы науқастарға барып, олардың ауыр халін көреді. Мұның бәрі мамандардың психологиялық жағдайына да әсер етпей қоймайды, кейде түрлі келеңсіз жайттарға алып келеді. Осындай қауіптердің алдын алу үшін қазіргі таңда арнайы бейнежетондар мен диктофондар сатып алынып, қолданысқа енгізілді. Бұл – ең алдымен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара. Дегенмен, негізгі мәселе ретінде дәрігерлердің жалақысы аталады. Биылғы қаңтар айынан бастап ерекше еңбек жағдайы үшін қосымша төлем енгізіліп, бұл бағытта оң өзгерістер байқалуда. Сонымен қатар материалдық-техникалық база да нығайтылып келеді. Өткен жылы өңірге толық жабдықталған 115 жаңа көлік жеткізілді. Санитарлық авиация да дамып жатыр – облыста 7 арнайы техника мен тікұшақ жұмыс істейді. Ал 2016 жылы алынған реанимобильдерді жаңарту жоспарда бар.

– Жоспар бойынша 30 бригадаға арналған ірі қосалқы станция салу көзделіп отыр, ол бір орталықтан бірнеше аумаққа қызмет көрсетеді. Нысан тек Оңтүстік-Шығыс ауданын ғана емес, Майқұдықтың бір бөлігін және қала орталығын да қамтитындай етіп орналасады. Қызмет көрсетуге барынша қолайлы болуы үшін орны мұқият таңдалған. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыста балалар ауруханасының маңынан тағы бір нысан салу қарастырылған. Ал Шахтинск қаласында модульдік станция тұрғызу жоспарда бар, – дейді станция директоры.

Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта өңірдің барлық аймағын аралауды жоспарлап отыр.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»