Елімізде донор болуға келісім бергендер саны артты
Қазақстанда көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келісім білдіретін азаматтардың саны айтарлықтай артқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 12 мың 600-ден астам адам осындай шешім қабылдаған. Осылайша, соңғы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен үш есеге өскен.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, әрбір әлеуетті донор бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Себебі оның ағзалары трансплантация кезегінде тұрған бірнеше пациентке салынуы мүмкін.
Мамандар донорлыққа деген қызығушылықтың артуын халықтың ақпараттану деңгейінің жоғарылауымен және елімізде трансплантация медицинасының дамуына байланыстырып отыр.

