Дәстүр мен тренд үндестігі
Қаламызда өткен «Nauryz – fashion 2026» фестивалінде ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлесім тауып, этно сәннің жаңа бағыты айқын көрінді. Дәстүрлі элементтер бүгінгі трендпен үндесіп, көрсетілім алаңында ерекше сипатқа ие болды. Сән әлемінде тамырын тереңнен алатын ұлттық құндылықтар жаңа қырынан таныла бастады.
Ұлттық киім күніне орай «Nauryz – Fashion 2026» атты сән фестивалі ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің ең әсерлі образдарын ұсынды. Шара барысында ұлттық нақыш пен заманауи сән үйлесім тауып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрсетілім көктемнің жарқын көңіл-күйін жеткізіп, қазақы әсемдікті жаңа қырынан танытуды мақсат еткен.
– Ең алдымен назар жастарға ауады. Олар сәнге мән береді, ерекше киініп, көрікті болуға ұмтылады. Осындайда ұлттық киімнің орны бөлек, өйткені ол тек әсемдік емес, елдің бет-бейнесін танытатын маңызды белгі. Қазақстанды таныстыруда да ұлттық нақыштағы киімдердің рөлі зор – шетелде жүргенде көпшілік қазақтарды дәл осы киім арқылы танып жатады. Сондықтан ұлттық киім қазақстандықтар үшін сән ғана емес, үлкен мақтаныштың символына айналып отыр, – дейді Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали.
Сән көрсетілімінде қатысушылар өздерінің бірегей авторлық образдарын таныстырды. Ұлттық элементтер заманауи үлгімен үйлесіп, ерекше стиль қалыптастырған. Жарқыраған ою-өрнектер, жеңіл маталар мен көктемгі реңктер Наурыз мейрамының айрықша атмосферасын айқын жеткізді. Әрбір туындыда дизайнерлердің этно стильге деген көзқарасы, талғамы мен шығармашылық ізденісі көрініс тапқан. Бұл жұмыстардың авторлары – Қарағанды қаласының дизайнерлері.
– Маған шабыт сыйлайтын басты нәрсе – ұлан-ғайыр қазақ даласы. Оның табиғаты, өсімдіктер әлемі және ұлттық ою-өрнектер ерекше әсер береді. Әрбір оюдың астарында терең мән мен мазмұн жатыр, – дейді дизайнер Гүлнұр Жарылханова.
– Мен сахнада бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп келемін. Қазақы ою-өрнектер мен ұлттық стиль маған ерекше сенімділік сыйлайды, себебі бұл – менің болмысымның бір бөлігі. Өзім қазақ болғандықтан, осы нақыш маған жақын әрі сүйікті, сондықтан сахнада өзімді еркін әрі нық сезінемін, – деп атап өтті шараға қатысушы Сәния Бекпаринова.
Фестиваль ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, шығармашылықты дамытуға және өзін-өзі танытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

