Ұлттық өнер ұлықталды
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы биыл да өңірде ерекше рухани серпінмен тойланды. Мейрамның мәнін айшықтай түскен тағылымды шаралардың бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында өткен «Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық ақындар айтысы болды. Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған жыр додасы жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Айтысқа өңірдің сөз өнерін серік еткен жүйріктері қатысып, суырыпсалмалықтың шынайы үлгісін көрсетті. Театр залына жиналған көрермен қарасы қалың болып, ұлттық өнерге деген сағыныштың әлі де жоғары екендігін аңғартты. Бұл – айтыстың халық жүрегіндегі орны бөлек екенін тағы бір дәлелдеді.
Шараның ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Наурыз мерекесінің биыл ерекше сипат алғанын атап өтті.
– Биыл Наурыз мейрамы мен айт мерекесінің тұспа-тұс келуі елдің мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Соңғы жылдары елімізде Наурызды жаңаша форматта атап өту тұжырымдамасы қабылданып, мейрам он күн бойы кең көлемде тойланып келеді. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, мейрамның мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар, жуырда өткен маңызды саяси өзгерістердің нәтижесінде келер жылдан бастап 15 наурыз – елдің Ата заңы қабылданған күн ретінде ресми түрде белгіленбек. Бұл да Наурызнама күндерінің қатарын толықтыра түседі, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, облыс көлемінде мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылған. Соның ішінде ақындар айтысының орны ерекше. Өйткені бұл халықтың рухани сұранысын өтейтін, тіл мен дәстүрдің қадірін арттыратын өнер алаңы.
– Біз бұл айтысты тек сөз сайысы ретінде ғана емес, көрерменнің рухани сусындауына мүмкіндік беретін мәдени жоба ретінде қарастырамыз. Ақындардың сөз саптау шеберлігін сағынған жұртшылықтың ықыласын ескердік. Былтыр Қарағанды құрамасы республикалық деңгейде өткен командалық айтыста топ жарды. Биыл да айтыскерлер халықтың батасын алу үшін сахнаға шығып отыр. Баршаңызды Әз Наурызбен құттықтаймын! – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
Айтыстың әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасының құрамына білікті мамандар отырды. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов пен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті профессоры Камшат Төлеубаева бар. Қазылар алқасы ақындардың тапқырлығы мен шеберлігіне жоғары баға беріп, сайыстың деңгейін саралады.
Жыр додасының қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен ақындар арнайы жүлделермен марапатталды. Атап айтқанда, Бұқар жырау атындағы жүлде Дидар Қамиге табысталса, Доскей Әлімбаев атындағы жүлде Нұрмұхамед Байсүгірге берілді. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаев атындағы арнайы жүлде Мұхтар Әділовке, Маясар Жапақов атындағы жүлде Әлихан Сейфоллаға бұйырды. Қайып Айнабеков атындағы жүлде Әлихан Ерғалиевке, Жүрсін Ерман атындағы жүлде Нұрлыбек Төкенге, Көшен Елеуов атындағы жүлде Жанарыс Тілеубекке, ал Шашубай Қошқарбайұлы атындағы жүлде Еркеғали Бекболатқа табысталды.
«Армысың, әз Наурыз!» атты айтыс – ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеген, сөз құдіретін ұлықтаған мазмұнды мәдени шара болды. Мұндай рухани кездесулер халықтың тарихи жадын жаңғыртып, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге зор ықпал ететіні сөзсіз.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

