Заман талабына сай жаңғырған музей
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталып, мәдени нысан келушілер үшін қайта есігін ашты. Бір жарым жылға созылған қайта жаңарту барысында экспозициялық залдар толық жаңартылып, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде өңір тарихы енді заманауи форматта мультимедиялық және цифрлық технологиялар, жасанды интеллект элементтері арқылы ұсынылып отыр.
Жаңартылған музейдің таныстырылымына Қарағанды облысы әкімдігі аппаратының өкілдері, облыстық басқарма басшылары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің өкілдері, Ұлттық музей мен өңірлік музейлердің жетекшілері, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің ғалымдары, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараға қатысушылардың қатарында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та болып, жаңартылған экспозициямен танысты. Өңір басшысы музейдің жаңа келбеті тарихты таныстырудың заманауи үлгісіне айналғанын атап өтті.
– Ұсынылған тәсіл ерекше ұнады. Жоба таныстырылымында көргеніміз бүгін толық жүзеге асқан. Мұнда облысымыз бен еліміздің тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін қамтылған, әрі жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қолданылған. Келушілер мұны жоғары бағалайды деп сенемін. Жобаны жүзеге асыруға қатысқан барлық мамандарға, құрылысшыларға, сарапшыларға және музей қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Музейдің 2025-2026 жылдардағы реэкспозициясы соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңғырту жобаларының бірі. Соңғы рет мұндай көлемді жаңарту шамамен 15 жыл бұрын жүргізілген. Ал музейдің өзі 1932 жылы құрылған және өңірдегі ең көне мәдени орталықтардың бірі. Жаңартылған экспозиция ғылыми зерттеулерге негізделіп жасалған. Музей залдары тақырыптық инсталляциялармен, интерактивті аймақтармен, мультимедиялық киоскілермен, голограммалар мен проекциялық жүйелермен толықтырылған. Келушілер сенсорлық экрандар арқылы архивтік құжаттарды қарап, сирек кездесетін жәдігерлер туралы кеңейтілген ақпарат ала алады. Мұндай цифрлық шешімдер музей кеңістігін тек тарихи жәдігерлер қоймасы емес, білім мен таным орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Экспозиция барлығы 13 залдан тұрады. Онда Сарыарқа өңірінің тарихы көшпелі империялар дәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Көрмеде археологиялық олжалар, қола және ерте темір дәуіріне жататын жәдігерлер, қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін бұйымдар, сондай-ақ Қарағанды қаласы мен облысының қалыптасу тарихына қатысты материалдар ұсынылған.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің тарих факультетінің деканы Жарас Кенжеғали жаңартылған музей экспозициясы білім беру саласы үшін де маңызды болатынын айтты.
– Экспозиция көлемді түрде ұсынылған, Қарағанды облысының тарихына қатысты көптеген жаңа материалдар қосылған. Біз бұған дейін де музеймен тығыз жұмыс істеп келдік. Студенттерді әкеліп, тәжірибеден өткіздік. Енді бұл жұмыс жаңа форматта жалғасады. Студенттер мен магистранттар үшін бұл оқу мен тағылымдамадан өтуге өте жақсы база, – деді ол.
Ал мәдениет саласының ардагері Рымбала Омарбекова музейдің жаңа келбеті келушілер үшін анағұрлым тартымды болғанын атап өтті.
– Мен мұражайдың бұрынғы қалпын жақсы білемін, ол да жақсы болатын. Бірақ бүгін көргеніміз мүлде басқа формат. Заманауи технологиялардың арқасында көне экспонаттар тіріліп кеткендей әсер қалдырады. Ең бастысы экспозиция жастардың қызығушылығын оятады, – деді мәдениет қайраткері.
Жаңғырту жобасының негізгі мақсаттарының бірі тарихи жадыны сақтау және Сарыарқа өңірінің бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар музейді заманауи мәдени кеңістікке айналдырып, оны өңірдің туристік маршруттарына енгізу көзделіп отыр.
Музейдің жаңартылған экспозициясы келушілерге Қарағанды облысының сан ғасырлық тарихын жаңа форматта таныстыруға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялар мен тарихи жәдігерлердің үйлесуі өткен мен бүгіннің байланысын айқындайтын ерекше мәдени алаң қалыптастырды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

