«Қарағандылықтарсыз айтулы жарыстарды елестету мүмкін емес»
Облыс әкімдігінің конференцзалында өткен кездесуде спортшылар, Әлем және Азия чемпионаттарының, ұлттық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ, спорт мектептері мен күрес және бокс федерациясының басшылары бас қосты.
— Қазақстан үшін бокс – спорттың маңызды түрі. Біз Серік Қонақбаев, Әбдірашит Әбдірахманов, Бақтияр Артаев, Серік Нұрқазов, Асылбек Килимов, Василий Жиров, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин сияқты керемет есімдерді мақтан тұтамыз. Менің сыныптасым Юлия Назаренконың әкесі, грек-рим стилінің балуаны Анатолий Назаренко 1972 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған, — деп атап өтті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.
Облыс бойынша бокспен айналысатындар саны 3000-нан астам адамды құрайды. Былғары қолғап шеберлерімен 88 жаттықтырушы жұмыс істейді. Оның он алтысы – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары. Ұлттық құраманың құрамында 21 қарағандылық боксшы бар. Спорт резервін дайындау үшін Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектепинтернат-колледжі жұмыс істейді, онда 70 адам спортпен айналысады. Біз үшін күрес те – спорттың негізгі түрі. Бұл, әсіресе, өңірдегі алты қала мен төрт ауданда белең алған. 82 жаттықтырушы-оқытушы 2600 тәрбиеленушімен жұмыс істейді. 5 жаттықтырушы ең жоғары біліктілікке ие. Ұлттық құрама сапына өңіріміздің 48 балуаны кіреді.
ҚР Тұңғыш Президенті Күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында Жеңіс Қасымбек жиналған қонақтарға спорт саласын, жалпы облысты дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
— Сіздердің әрбір жеңістеріңіз – барша арқа жерінің жетістігі, — деді облыс әкімі.- Біз сіздерге үнемі жанкүйер болып, сәтсіздіктеріңізге алаңдаймыз, жеңістеріңізге қуанамыз. Алда бұдан биік белестерді бағындыра алатындарыңызға сеніміміз мол.
Аймақ басшысы жақында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, боксшы Абылайхан Жүсіповты және оның жеке жаттықтырушысы Бауыржан Аманбаевты әлем біріншілігі мен Олимпиадада сәтті өнер көрсетуімен құттықтады:
— Абылайхан – біздің мақтанышымыз. Ол әлі, міндетті түрде, әлем чемпионы болады.
— Жақында біз Сербияда өткен әлем чемпионатына бардық. Екі алтын, екі күміс және қола медальмен оралдық. Командалық есепте екінші орынға жайғастық. Бұл Олимпиададан кейінгі ең үлкен жеңістеріміздің бірі. Біз үшін бұл үлкен мотивация. Облыс мәртебесін әлем біріншіліктерінде асқақтатуға барымызды саламыз, — деді Абылайхан Жүсіпов.
Жиында спортшыларды қолдау мәселесі де талқыланды. Өңір басшысы Паралимпиада чемпиондарының жалақысы үш есеге артатындығын атап өтті:
— Құрама командалардың барлық қатысушыларына қолдау көрсетудеміз. Бұл жұмысты 2022 жылдың бюджеті аясында да жалғастырамыз. Сіздер – біздің спортымыздың, еліміздің болашағысыздар, бүкіл әлемде көк туымызды желбірететін жансыздар, мемлекеттің бет-бейнесісіздер. Менің міндетім – қолдау көрсету және жағдай жасау. Келесі жылға Қарағандыда үш үлкен нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл 100 метрлік бассейн, мүмкін секіру шұңқыры, күрес орталығы, кем дегенде 3000 орындық жабық футбол алаңы. Мұның бәрі балаларға, жастарға, кәсіби спортшыларға арналған. Велосипедшілерге автобус беріледі. Алдағы жылдың бірінші тоқсанынан бастап барлық спорт құрамаларына шәкіртақы көлемін ұлғайтамыз.
Кейін аймақ басшысы жыл қорытындысы бойынша марапаттау рәсіміне кірісіп, 20 спортшы мен 10 тәлімгерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етіп, алдағы уақытқа жарқын жеңістер мен биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
— Құрал-саймандар, жаттығу залдары бойынша ешқандай мәселе жоқ. «Дәулет» мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеуден кейінгі қайта ашылу салтанатына Афиныдағы Олимпиада чемпионы, ресейлік балуан Қажымұрат Гацалов шақырылды. Күрес федерациясының басшылығының қолдауымен жаттығуға арналған кілем, құралжабдықтар сатып алынып, спортшылар танымал спорт брендінің соңғы желісімен жабдықталды, — деп атап өтті Қарағанды облысы бокс федерациясының вице-президенті Нұрғазы Жарылғапов.
Спортшылар да облыс әкімдігіне алғысын білдірді. Сонымен қатар Эльмира Сыздықова жоғары спорт шеберлігі мектебінде жарақаттан айығуға көмектесетін медициналық препараттар, соққы-толқындық терапия аппараты сияқты құралжабдықтардың жоқтығына шағымданды. Спортшылар үшін оңалту, медициналық тексеруден өту – өте маңызды. Жеңіс Қасымбек жақын арада спортшыларға арналған жеке физдиспансер ашылатынын айтты. Қажетті сома бюджетте жоспарланған. Тиісті аппаратура да болады.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.