Көрерменді күлкіге қарық қылған арулар

Қарағанды облысында алғаш рет қыздар командалары арасында республикалық «Жайдарман» турнирі ұйымдастырылды. Шараны Қазақстан Халық партиясы мен Қазақстан КТК Одағының Қарағанды филиалы бірлесіп өткізді. Турнирге республиканың колледждері мен жоғары оқу орындарынан 9 команда қатысты.

Шараның басты мақсаты – студент қыздардың шығармашылық әлеуетін арттыру, креативтілікті дамыту және «Жайдарманды» заманауи медиакеңістікте өзін көрсету мен әлеуметтік қарым-қатынастың тиімді құралы ретінде насихаттау.

– Бүгінгі турнир – қыздар арасындағы республикалық «Жайдарман» ойыны. Еліміздің әр өңірінен келген жастарға референдумның мәні мен маңызын түсіндіру, жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер туралы ақпарат беру және олардың қоғамға, әсіресе жастарға әкелетін мүмкіндіктерін көрсету үшін жиналды. Сонымен қатар, жастарды саяси науқанға белсенді қатысуға шақыру да біздің басты міндетіміздің бірі, – деді ұйымдастырушы Халел Мақсұтов.

Биылғы «Жайдарманның» тақырыбы – «Offline – Online: кино әлемі». Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық дамуға ерекше мән беріп, жасанды интеллект саласындағы жобаларды күшейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл бағыт жаңа Конституция жобасында да көрініс тапқан. Турнир барысында жастардың өмірге көзқарасы, XXI ғасырдағы трендтерді қабылдауы және 15 наурызда өтетін референдумға қатысты ой-пікірлері ашық айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир әйелдердің қоғамдағы рөлін қолдауға және қыздардың белсенділігін арттыруға бағытталған.

– Бұл шара Қарағандыда алғаш рет өткізіліп отыр. Ерекшелігі «Жайдарман» тек қыздар командалары арасында ұйымдастырылды. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі аясында өткізілген бұл турнирдің мақсаты жаңа Конституциядағы өзгерістерді жастарға түсіндіру, олардың қоғамдағы рөлі мен маңызын жеткізу және жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, – деді Қарағанды «Жайдарман» лигасының редакторы Ержан Қалдымұрат.

Турнирді бағалау кезінде командалардың креативтілігі мен бірегейлігі, тақырыпты әзіл арқылы ашу, сахна мәдениеті мен ойыншылардың артистизмі, командалық үйлесімділік, импровизация жасау қабілеті және көрерменмен байланыс орнату деңгейі ескерілді. Барлық қатысушы өз белсенділіктері үшін дипломдармен марапатталды. Осылайша, Қарағандыдағы қыздар арасындағы «Жайдарман» турнирі жастардың шығармашылық әлеуетін көрсетуге, өз ойын еркін айтуға және қоғамдағы белсенді рөлін нығайтуға жаңа мүмкіндік беретінін дәлелдеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»