Қарағанды – Жезқазған автожолы жаңартылады
Биыл Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңарту жоспарланып отыр. 70-жылдары салынған бұл трасса осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Алдағы жөндеу жұмыстары жолдың сапасын жақсартып, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жоба шеңберінде ұзындығы 122 шақырымды құрайтын жол бөлігін қайта жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мердігер компанияны анықтау үшін конкурстық рәсім ұйымдастырылуда. Рәсім аяқталған соң құрылыс және монтаж жұмыстары басталады.
– Біздің басты мақсатымыз – еліміздегі негізгі автожолдарды қауіпсіз әрі сапалы ету. Жобалар тек жөндеумен шектелмей, жаңа жолдар салу, инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ цифрлық бақылау жүйелерін енгізу сияқты заманауи шешімдерді қамтиды. Біз сапаны қатаң бақылауды қамтамасыз ететін заманауи технологияларды қолданамыз. Бұл тек асфальт төсеу немесе құрылыс жұмыстарын ғана емес, жол бойындағы қауіпсіздік шараларын да қамтиды. Сонымен қатар мердігерлік жобаларды электрондық конкурстар арқылы ашық әрі әділ таңдау жүйесі енгізілген, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жаңғырту жұмыстары «жобалау–салу–пайдалану» жаңа жүйесі бойынша жүргізілетін болады. Жүргізушілердің қолайлығы үшін жолды толық жабу жоспарланбаған. Аталған бағдарлама аясында алты көпір қайта жөнделіп, 130-дан астам су өткізу құбыры жаңартылатын болады. Сонымен қатар, көліктердің кері бұрылуына арналған жолақтар, демалыс аймақтары және автобус аялдамалары да бой көтереді.
– Алдымен, жол сапасының жақсаруы жол апаттарын азайтып, жүргізушілер мен жолаушылар үшін қауіпсіздікті арттырады. Екіншіден, ашық және тиімді конкурстық рәсімдер мемлекеттік қаражатты үнемдеуге және жобалардың уақытылы орындалуына мүмкіндік береді. Және, әрине, бұл инфрақұрылымдық жобалар аймақтардың дамуына, экономикалық белсенділіктің артуына септігін тигізеді. Алдағы жылдары басты назарды негізгі магистральдарды жаңғыртуға, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын жақсартуға және цифрлық жүйелерді толық енгізуге береміз. Біз жолдардың сапасын тек қазіргі деңгейде қалдырмай, оны халықаралық стандарттарға сай етуге тырысудамыз, – деп атап өтті спикер.
Сервистік алаңдарда көлікті тексеруге арналған эстакадалар, санитарлық-гигиеналық тораптар және жылы әжетханалар қарастырылған. Қарағанды – Жезқазған автожолын толық жаңарту жұмыстары 2029 жылға дейін аяқталуы жоспарланып отыр. Жаңартылған трасса өңірлер арасындағы көлік қатынасын жеңілдетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жол сапасы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тарапынан қатаң бақылауда болады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

