Жол ережесін бұзғандарға жаңа талап

Елімізде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, жол ережесін сақтамаған жүргізушілерге айыппұл автоматты түрде салынады. Бұл жаңашылдық жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және тәртіпті күшейтуге бағытталған.

            Енді «ақылды жүйе» жолдағы жүргізушілерді үздіксіз бақылап отырады. Егер көлік жүргізіп жүріп телефон қолдансаңыз немесе қауіпсіздік белдігін тақпасаңыз, айыппұл автоматты түрде рәсімделеді. Бұрын бұл тәртіпті тек полиция қызметкерлері бақылайтын және хаттама толтыратын.

– Әкімшілік кодекстің 31-бабының жаңа редакциясында құқық бұзушылық жасаған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айқын көрсетілген. Әрбір адамның өз қауіпсіздігін сақтауы маңызды болып саналады, ал әкімшілік айыппұлдар заңсыз әрекеттердің әрқайсысы үшін тиісті нормаларға сәйкес белгіленген, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Жаңа жүйе сондай-ақ техникалық байқаудың мерзімін өтуі немесе сақтандыру полисінің болмауы сияқты базалық деректерді де анықтап отырады.

– Қауіпсіздік шаралары бойынша жасалған қадамдар жаңа цифрлық технологиялар дамуына ілесуі қажет. Осы бағытта елеулі жұмыстар жүргізілді, және бұл жаңашылдықтар қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынуда, – дейді Ақтоты Боранова.

Бұл жаңашылдыққа қатысты қарағандылық жүргізушілердің жеке пікірлері де тыңдалды. Көпшілігі қауіпсіздікті сақтауды бірінші орынға қойып, жолда еш кедергіге ұшырамай жүруді қалайды. Сарапшылардың айтуынша, енгізілген өзгерістер құқықбұзушылықтарды анықтау және әкімшілендіру тәсілін түбегейлі өзгертеді. Енді күнделікті байқалмай қалатын ұсақ заң бұзушылықтарды инспектор емес, цифрлық жүйе анықтап, айыппұлды автоматты түрде тіркеп отырады.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»