Еріктілер – қоғамның жанашыр күші

Қарағанды қаласында өңірдің белсенді жастары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің басын қосқан облыстық еріктілер форумы өтті. Ауқымды шараға аймақтағы еріктілер қозғалысының мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Концерт барысында еріктілер қызметін дамыту, тәжірибе алмасу, жаңа әлеуметтік бастамаларды талқылау және қоғам игілігіне бағытталған жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.

Бүгінде Қарағанды облысында еріктілер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде төрт мыңнан астам адамды біріктіретін белсенді еріктілер қауымдастығы қалыптасқан. Олар әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, экологиялық акциялар өткізу, білім беру және мәдени жобаларды іске асыру сияқты түрлі бағытта жұмыс істеп келеді. Форум Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын қабылдау жөніндегі референдум қарсаңында ұйымдастырылып, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталды.

Форум барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еріктілер қозғалысының қоғамдағы маңызына тоқталып, олардың игі бастамалары әрдайым қолдау табатынын атап өтті. Аймақ басшысы еріктілердің бірлігі мен белсенділігі көптеген әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына ықпал етіп отырғанын айтты.

– Облысымыздағы еріктілер қозғалысының болашағы зор. Біздің міндетіміз сіздердің қозғалыстарыңыздың дамуына жағдай жасап, оның ауқымын кеңейту. Біз еріктілердің фронт-офистерін, жастар ресурстық орталықтарын, сондай-ақ қоғамға нақты пайда әкелетін үздік бастамалар мен жобаларды алдағы уақытта да қолдай береміз. Үлкен өзгерістер дәл сіздер сияқты бейжай қарамайтын азаматтардан басталады. Мемлекет басшысы атап өткендей, сіздер референдумда дауыс беру арқылы ел тағдырына өз үлестеріңізді қоса аласыздар. Ел болашағына бейжай қарамайтын жастар өз таңдауларын жасайды деп сенемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Айта кету керек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған. Бұл бастама әлем бойынша еріктілер қозғалысының маңызын арттыруға бағытталған. Қарағанды облысында еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірде жастар ресурстық орталықтары жанынан ашылған 14 еріктілер фронт-офисі жұмыс істейді. Сонымен қатар 75 ерікті ұйымы мен бірлестігі түрлі бағытта белсенді қызмет атқаруда.

Жыл сайын облыс еріктілері мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырып, қоғамның түрлі санаттарына қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, жалғызбасты қарттарға көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акциялар өткізу, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру сияқты жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Форум аясында қатысушылар өңірлік еріктілер қозғалысының негізгі қағидаттарын айқындайтын «Сарыарқа волонтерлерінің хартиясын» қабылдады. Бұл құжат еріктілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, олардың қызметін одан әрі дамытуға бағытталған. Сонымен қатар іс-шара барысында облыстың үздік еріктілер ұйымдары марапатталды. Жеңімпаздар еріктілік қызметтің түрлі бағыттарын қамтитын он аталым бойынша анықталды.

Ағартушылық бастамаларды жүзеге асырып, білім беру еріктілігін дамытуға қосқан үлесі үшін «Зерде» аталымында академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің өкілдері «Biz Barmyz» ұйымы марапатталды. Медициналық еріктілікті дамытуға қосқан үлесі үшін «Қамқорлық көзі» марапаты «Жұлдыз» ұйымына табысталды. Қайырымдылық жобаларын жүзеге асырғаны үшін «Ақниет» ұйымы «Қамқор жүрек» номинациясының жеңімпазы атанды. Спорттық еріктілікті дамытып, белсенді өмір салтын насихаттап жүрген VolteQ ұйымы «Энергия» аталымында үздік деп танылды. Облыстық VolterQ еріктілер корпусының жетекшісі Жәнел Айыпова ұйым жұмысының бағалануы еріктілер үшін үлкен ынталандыру екенін айтты.

– Бүгін біздің корпус «Энергия» аталымы бойынша марапатқа ие болды. Бұл біздің еңбегіміздің бағаланғанының белгісі. Мен еріктілікпен бес жылдан астам уақыт айналысып келемін, бұл мен үшін саналы таңдау. Өткен жылы «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығымен марапатталдым. Қазіргі уақытта біздің корпуста 50 тұрақты ерікті бар, қажет болған жағдайда олардың санын 80 адамға дейін жеткізе аламыз, – деді ол.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жобалары үшін «Ассамблея жастары» ұйымы «Баға жетпес мұра» марапатына ие болды. Ал төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсеткені үшін Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының Қарағанды облыстық филиалы «Ізгілік елшісі» аталымымен марапатталды. Жануарларды қорғау бағытындағы белсенді қызметі үшін ZooHelp ұйымына «Қамқорлық» марапаты табысталды. Корпоративтік еріктілік жобаларын жүзеге асырып жүрген KemelKeleshek ұйымы «Асар» аталымының жеңімпазы атанса, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тегін заң көмегін көрсетуге қосқан үлесі үшін «Жүректен жүрекке» ұйымы «Әділдіктің тірегі» санатында марапатталды. Ал қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобалары үшін Теміртау қаласындағы «Шаңырақ» еріктілер ұйымы «Таза әлем» аталымының жеңімпазы атанды.

Форум соңында қатысушылар еріктілер қозғалысын одан әрі дамытуға қатысты пікір алмасып, болашақ жоспарларымен бөлісті. Шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»