Президент Қазақстанның жаңа Конституциясын іске асыру туралы Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Құжатқа сәйкес, жаңа Конституцияның мәтіні республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады. Ал 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне сақтауға беріледі.

«Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына мыналар енгізіледі:

1) «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы;

2) «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасы», – делінген Жарлықта.

Заң жобаларын әзірлеу және оларды Мемлекет басшысының қарауына енгізу Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүктелді.

Сонымен қатар, Жарлықта Үкіметтің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына екі Конституциялық заң жобасы енгізілетіні белгіленген. Олар – «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң жобалары.

Үкіметке 2026 жылғы 7 сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Конституциясын ілгерілету жөніндегі жоспарды бекіту тапсырылды.

17 наурыз күні Ақордада Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты шара өтті.

Бұған дейін Орталық референдум комиссиясы жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның қорытындыларын жариялаған болатын. Комиссия деректеріне сәйкес, жаңа Конституцияны қабылдауға 7 954 667 азамат дауыс берген. Бұл дауыс бергендердің 87,15 пайызын құрайды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі