«Наурыз – думан» байқауы
Қарағанды қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен «Наурыз – думан» мерекелік байқауы өтті. Сайысқа зейнеткерлер қатысып, өз өнерлері мен белсенділіктерін көрсетті. Биыл байқауға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқаны байқалды. Шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосферада өтті.
Байқауға «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының алты филиалынан жиналған жүзге жуық зейнеткер қатысты. Өнер сайысы үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, өмір жолы мен қызығушылықтары туралы айтып өтті. Екінші кезеңде үміткерлер сән үлгісін көрсетіп, сахнада әсем жүріп өтіп, өз талғамдарын танытты. Ал шешуші бөлімде әр қатысушы өзінің өнерін ортаға салып, көрермендерге ән айтып, би билеп немесе басқа да шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
– «Наурыз думан» айдары аясында ұйымдастырылған бұл байқаудың негізгі мақсаты – «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келетін аға буын өкілдерінің бойындағы өнерін көпшілікке таныстыру. Қатысушылар осы орталықта үйреніп жүрген түрлі шығармашылық қабілеттерін сахнада көрсетіп, өз шеберліктерін ортаға салады. Байқау қорытындысында барлық қатысушылардың арасынан үздіктер анықталып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан қатысушы бірінші орынға ие болады, – деді Қарағанды қаласы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Саян Жарылғапов.
Шара барысында ұлтаралық татулық пен өзара сыйластықтың жарқын көрінісі байқалды. Көрермендер назарына әртүрлі этностардың ұлттық билері ұсынылып, әсем әндер шырқалды. Сонымен қатар сахналық қойылымдар көрсетіліп, мерекелік көңіл-күй қалыптасты. Шара соңында зейнеткерлер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай мазмұнды әрі әсерлі кеш ұйымдастырғаны үшін шынайы алғыстарын жеткізді.
– Менің жасым қазір жетпіс бесте. Мұнда менен де жасы үлкен апайлар бар, сондай-ақ бізден кейінгі ізбасарларымыз да қатысып жүр. Зейнетке шықсақ та үйде отырмай, осындай орталыққа келіп, белсенді өмір сүріп жүргенімізге өзіміз қуаныштымыз. Үйде отырсаң, денсаулығыңды жиі ойлап, бір жерің ауырып тұрғандай болады. Ал мұнда келіп, түрлі шараға қатысып, өзімізді жұмыс істеп жүргендей сезінеміз, – дейді қатысушы Рауза Хамзақызы.
Байқау аяқталған соң әділқазы алқасы жеңімпаздарды марапаттап, оларға болашақта да сәттілік пен шығармашылық табыс тілеп құттықтады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

