Мал өсірсең – қой өсір

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Ернат ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өңірдегі «Үздік шопан» атанды.

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» дейтін қазақ мақалы бүгінде мағынасын жойғаны рас. Себебі қазір ұсақ малдың өніміне сұраныс аз. Жүні мен терісі өтпейді, етін тұтынатындар некен- саяқ. Бірақ соған қарамастан ата кәсіпті тастамай, дамытып отырған азаматтар бар. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы фермер Ернат Оспановтың қолындағы қой саны бүгінде 2 мыңға жеткен. Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні қарсаңында ол аймақтың «Үздік шопаны» атанды.

Қазақ халқының ежелден мал өсірудегі, мал өнімдерін пайдаланудағы іс-тәжірибелері жетерлік, мол, яғни жеріміздің ауқымының ғаламат кеңдігіне, табиғи-климаттық ерекшелігіне, керек болса, әр өңірдің жер ыңғайына, табиғатына, жем-шөпсу қорларына бейімделген, мал тұқымдары мен түрлері көптефген жылдар, табиғи-халықтық сұрыптау, эволюциялық даму негізінде қалыптасқан. Сондықтан да, бүгінде мәселе олардың төзімділік, бейімділік қасиеттерін төмендетпей, өнімділік көрсеткіштерін арттыруда болып отыр деп айтуға болады. Ақтоғай ауданында бір кездері дегерес қойының саны 250 мыңға жетсе, қазір саусақпен санарлық. Етті, әрі биязы жүнді қой тұқымын құрып кетуден сақтап қалғандардың бірі – Ернат Оспанов. Әуелде 500 бас сатып алып, шаруашылығын бастаған фермер аз жылда қой санын 2 мыңға жеткізген.

«Әкеміз атын суарған, анамыз шәйға су алған жер болғаннан кейін ауылымыздың түтінін түтетейік деп, ұрпағымыз қазақ халқының осы дәстүрін әрі қарай жалғастырып, қой малы әрі қарай жарыққа шықсыншы деп, қазір қой малы құрып бара жатыр ғой, көптеген жастарға үлгі болсын деп, ауылдың өсіп-өркендеуіне аздаған болсын үлесімізді қоссақ деген ниетіміз», — дейді Ернат Оспанов.

Қазір Ернат мал басын көбейтіп қана қоймай, оны асылдандыруға да күш салып жатыр. Ол бастамасы нәтижесіз емес. Әр басқа 4 мың теңгеден субсидия алады екен. Қошқарларының таза салмағы 100- 110 келіден асып жығылады. Мал басы көбейген соң фермер жерін ұлғайтып, 20 мың гектарды жалға алған. Мемлекеттің көмегін пайдаланып 5 бірдей құдық қазғызыпты. Бұған қоса арнайы бағдарлама арқылы баламалы ток көзін тартады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН