Халық үні шешуші: ел бойынша референдум жүріп жатыр

Қазақстанда бүгін маңызды саяси науқан – Конституциялық референдум өтіп жатыр. Ел азаматтары мемлекеттің негізгі заңының жаңа редакциясын қабылдау мәселесі бойынша өз таңдауын жасап, елдің алдағы даму бағытына қатысты пікір білдіруде. Сарапшылардың айтуынша, бұл референдум тек заңнамалық өзгеріс емес, Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам саналады.

Сурет ОСК

Жалпыұлттық дауыс беру барысында азаматтарға: «БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ ұсынылады. Бюллетеньде екі жауап нұсқасы берілген – «Иә, қабылдаймын» және «Жоқ, қабылдамаймын». Қазақстан заңнамасына сәйкес, дауыс беруге 18 жасқа толған барлық азамат қатыса алады. Дауыс беру – әр адамның жеке құқығы әрі азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.

Ал, республика бойынша 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Учаскелер таңғы сағат жетіде ашылып, дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру процесі тек Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде де ұйымдастырылған. Уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты бірқатар елдердегі қазақстандықтар дауыс беруді ертерек бастап кетті. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты Оңтүстік Кореяның Сеул және Жапонияның Токио қалаларындағы қазақстандықтар алғашқылардың бірі болып дауыс берген. Бұл – әлемнің әр түкпірінде жүрген отандастарымыздың да ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Қарағанды облысында референдумға дайындық алдын ала жүргізіліп, дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде өтуде. Өңірде 637 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге 757 мыңнан астам азамат тіркелген. Барлық учаскелер қажетті материалдармен қамтамасыз етіліп, дауыс беру қалыпты режимде жалғасуда.

Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтың айтуынша, өңірде референдумды өткізу үшін 651 комиссия құрылған. Комиссия құрамында 4415 адам жұмыс істейді. Олар дауыс беру процесінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз етуде.

Референдум барысында азаматтардың барлығына тең жағдай жасауға ерекше назар аударылған. Өңірде тіркелген сайлаушылардың қатарында 5159 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Сондықтан, дауыс беру учаскелерінде олардың құқықтарын толық жүзеге асыру үшін арнайы жағдайлар жасалды. Учаскелерде арнайы жабдықталған бұрыштар орналастырылып, компьютерлер, үлкейткіш құралдар мен қосымша жарықтандыру қарастырылған. Одан бөлек, бюллетеньдерді толтыруға арналған Брайль қарпі бар трафареттер ұсынылып, Конституция мәтінінің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудио нұсқалары дайындалған. Көптеген нысандар пандустармен, тактильді бағыттағыштармен және ішкі навигациялық белгілермен жабдықталған. Ал, қажетті инфрақұрылымы жоқ ғимараттарда жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустар орнатып, қосымша жағдай жасаған. Дауыс беру күні мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инватакси қызметі де ұйымдастырылғанын айту керек.

Референдумды ұйымдастыру барысында заманауи цифрлық қызметтер де кеңінен қолданылуда. Азаматтар өздерінің дауыс беру учаскесін арнайы электронды сервистер арқылы анықтай алды. Сонымен қатар тұрғындарға қажетті ақпарат Senim109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы ұсынылып отыр. Қарағанды облысында дауыс беруге қатысушылардың ыңғайы үшін қоғамдық көлікте жол жүру бүгін – тегін.

Жалпы, Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Ол билік жүйесінің құрылымын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттік институттардың қызмет қағидаларын белгілейді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.

Қазақстан тарихында Конституцияға бұған дейін де бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары негізгі заңға түзетулер қабылданды. Ал бүгінгі референдум осы реформалардың логикалық жалғасы ретінде қарастырылып отыр.

Референдумның ашық әрі әділ өтуін халықаралық бақылаушылар да қадағалап жатыр. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, бақылау жұмысына 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның өкілдері қатысуда. Бұл халықаралық бақылаушылар дауыс беру процесінің ашықтығы мен заңдылығын бақылап, оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалайды.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін нәтижелер Орталық референдум комиссиясының отырысында қаралып, тиісті хаттамамен рәсімделеді. Ал, ресми қорытынды дауыс беру күнінен бастап жеті күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Сарапшылардың айтуынша, референдум – халықтың тікелей ерік білдіруінің маңызды тетігі. Әр азаматтың таңдауы мемлекеттің алдағы даму бағытына ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі дауыс беру – елдің құқықтық және саяси жүйесінің болашағын айқындайтын маңызды тарихи сәт.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz