Табиғатпен бірге өмір сүрген ер

Қарағанды облысының қариясы өзінің арғымағын көлік ретінде пайдаланады. Бейбітхан Рахаш та кез келген сапарына атпен шығуды жөн көреді. Ол темір тұлпарға мүлдем құмар емес. Ат – оның тек серігі ғана емес, сонымен бірге табиғатпен үйлесімді өмір сүрген күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігі.

68 жастағы Бейбітхан Рахаш күн сайын атпен бірнеше шақырым жол жүріп өтеді. Тіпті шалғайдағы жайлауға да арғымағымен барады. Жылқы бірқалыпты қозғалғанда адамның денесі 110-ға жуық түрлі тербеліс алады екен, бұл бұлшықет пен буындардың үнемі жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде, зейнеткер қазірге дейін ешқандай ауыр сырқатқа шалдықпаған.

– Менің өмірім атпен байланысты. Күнде бірнеше шақырым жүріп, шалғай жайлауға да барамын. Атпен жүргенде денем үнемі қозғалыста болады, бұлшықет пен буындарым шынығады. Сол себепті қазірге дейін ауырмаймын, өзімді сергек сезінемін. Ат – мен үшін тек серігім емес, өмірімнің ажырамас бөлігі, – дейді зейнеткер Бейбітхан Рахаш.

Ол атқа бес жасынан мінген. 40 жыл бойы Көктас ауылында сиыр мен жылқыны күтіп бағумен айналысқан. Жеке шаруашылығындағы барлық төрт түлікті өзі күтеді. Оның айтуынша, мал қысқа сауынды болып, салауатты болуы үшін жаз бойы шөпті, шұрайлы жерге жайылтып өсіру қажет.

– Мал қысқа сауынды, мықты болу үшін жаз бойы шөпті шұрайлы жерге жайып өсіру керек. Атпен бірге әр күнді өткізу – денеге күш, жанға тыныштық сыйлайтын жол. Табиғатпен бірге жүріп, әр тіршілікке қамқор болу менің өмірімнің ажырамас бөлігі, – дейді зейнеткер.

Қария атқа мініп, шабатын кезде алдына жан салмайды. Кезінде талай жиын-тойларда, аламан бәйгелерде қарсыласқа жол бермеген. Қазір де асау арғымақтың әуселесін басып, жылқыны өзіне бағындыра алады. Бейбітхан ата еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандығынан бастаған. Бірнеше жыл бойы Ұлан-Батыр аймағындағы шахтада тер төккен. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған соң, ата жұрты – Қазақстанға оралып, туған Көктас ауылында тұрақтаған. Сол жерде отбасы үшін тамыр жайып, ұрпақ тәрбиелеумен айналысқан. Бейбітхан мен жары Зейнелхан 6 баланы баптап өсірген. Ұлдары әкесінің жолын жалғастырып, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. Мал мен табиғатқа деген махаббаты мен тәжірибесі ұрпаққа сабақ болып, ауылдың дәстүрлі өмірін жалғастыруға үлес қосуда.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»