Қарағанды облысында ауылдарға телемедицина енгізіледі
Қарағанды облысы ауылдарының тұрғындары үшін медициналық қызмет қолжетімді бола түспек. Өңірде телемедицина жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама шалғай елді мекендердегі тұрғындарға интернет арқылы ірі ауруханалардың мамандарынан кеңес алуға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысының айтуынша, жоба алдымен пилоттық режимде жүзеге асырылып, оң нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта телемедицина жүйесі шалғай аудандардағы жеті ауылда сынақтан өтіп, ауылдарда жоқ мамандардың кеңесін қашықтан алуға жағдай жасалған.
Жобаны кеңейту үшін Қазақтелеком компаниясымен келісім жасалған. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, облыстағы бес ірі медициналық мекеме ауылдық елді мекендермен тұрақты онлайн байланыс орнатпақ.
Журналистермен кездесуде өңір басшысы ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Ауыл – ел бесігі бағдарламасы аясында бірқатар жобалар іске асқан. Соңғы екі жылда ауылдарда 92 фельдшерлік-акушерлік пункт салынған, сондай-ақ спорт кешендері мен жол құрылысы қолға алынған.
Дегенмен облыстағы барлық ауылдың жағдайы бірдей емес. Кейбір елді мекенде халық саны азайып, бұрынғыдай даму қарқыны байқалмай отыр.
Сонымен қатар өңірде жол мәселесін шешу де басты назарда. Биыл Мойынты мен Ақадыр арасындағы, сондай-ақ Егіндібұлақ пен Қарқаралы бағытындағы жолдарды жөндеу жұмыстары басталмақ. Бұған дейін Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы жол жөнделген.
Осылайша өңірде ауыл инфрақұрылымын дамыту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және жол мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


