Мамандандырылған тағам өнімдерінің қауіпсіздігінің кепілі

Тамақтану – адам денсаулығының негізі. Алайда кейбір санаттағы азаматтар үшін қарапайым азық-түлік өнімдері жеткіліксіз болуы мүмкін. Ерте жастағы балалар, жүкті және бала емізетін әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, спортшылар – олардың барлығы арнайы құраммен дайындалған тағамды қажет етеді. Осындай өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ЕАО аумағында «Жекелеген мамандандырылған тағам өнімдерінің, оның ішінде емдік және профилактикалық диеталық тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден Одағының 027/2012 Техникалық регламенті  қолданылады.

КО 027/2012 ТР келесі өнім түрлеріне қолданылады:
Балалар тағамы (ерте жастағы, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған),  емдік диеталық тағам, профилактикалық диеталық тағам, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған тағам, спорттық тағам, тағамға арналған биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ).  Бұл өнімдер қарапайым азық-түлік өнімдерінен ерекше құрамымен және белгілі бір физиологиялық қажеттіліктерге бейімделуімен ерекшеленеді.
КО 027/2012 ТР келесі мақсаттарды көздейді: Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, тұтынушыларды жаңылыстырудың алдын алу, өнім қауіпсіздігіне бірыңғай талаптар белгілеу, таңбалаудың дұрыстығын қамтамасыз ету.

Техникалық регламент келесі талаптарды белгілейді:

✔ Өнімнің құрамы: дәрумендердің, минералдардың, аминқышқылдарының және басқа да заттардың мөлшері нормаланады. Денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін компоненттерді қолдануға жол берілмейді.

✔ Қауіпсіздік көрсеткіштері: өнім микробиологиялық, токсикологиялық және радиологиялық көрсеткіштер бойынша санитариялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

✔ Таңбалау талаптары: қаптамадағы ақпарат толық әрі шынайы болуы қажет. Міндетті түрде көрсетілуі қажет: өнімнің мақсаты; жас санаты;  құрамы; сақтау шарттары; қарсы көрсетілімдері (бар болса).

Расталмаған емдік қасиеттерді көрсетуге тыйым салынады.

✔ Мемлекеттік тіркеу

Мамандандырылған тағам өнімдері сатылымға шығарылғанға дейін міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді. Мұндай құжатсыз өнімді өткізуге жол берілмейді.

Тағамға арналған биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) нарықта кең таралған. Алайда мынаны есте сақтау қажет: ББҚ дәрілік зат болып табылмайды, олар ауруды емдеуге арналмаған, оларды қолдану кезінде маманның кеңесін ескерген жөн.

Өндірушілер мен импорттаушылар:
— өнімнің КО 027/2012 ТР талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
— мемлекеттік тіркеуден өтуге;
— өнімнің өндірісінен бастап айналымына дейінгі кезеңдерде қауіпсіздігін сақтауға міндетті.
Тұтынушы нені білуі тиіс: 

1) өнімді ресми сауда орындарынан сатып алу;
2) мемлекеттік тіркеу туралы ақпаратты тексеру;
3) құрамын мұқият оқу;
4) жас ерекшеліктерін ескеру;
5) емдік немесе диеталық тағамды таңдағанда маманмен кеңесу ұсынылады.
6) Әсіресе балаларға және созылмалы аурулары бар адамдарға арналған өнімдерді таңдауда аса мұқият болған жөн.
КО 027/2012 ТР  жай ғана нормативтік құжат емес. Бұл – халық денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіздік жүйесі. Заң талаптарын сақтау және саналы тұтыну – әрбір азаматтың денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі.

Б.Е.АБЖАНОВ,

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық

 бақылау басқармасы басшысының м.а.

 

  Г.С.ӨНЕРБЕКОВА,

бөлім басшысы