Мобильді флюорография қызметі іске қосылды
Туберкулездің алдын алу мақсатында мобильді флюорография көлігі жұмыс істеуде. Қала тұрғындары тек жеке куәлігін көрсетіп, тегін тексерістен өте алады. Мамандардың айтуынша, тексеру нәтижесін тұрғындар сол жерде бірден біле алады. Бұл шара аурудың алдын алып, дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Қаладағы ең көп адам жүретін жерлерде мобильді флюорография кабинеттері жұмыс істеп тұр. Мұнда кез келген адам бірнеше минут ішінде тексерістен өте алады. Мамандардың айтуынша, флюорография – туберкулезді ерте кезеңде анықтаудың ең тиімді әдістерінің бірі.
– 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында Қарағанды қаласында туберкулездің алдын алу айлығы өтіп жатыр. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың денсаулығын қорғау және туберкулездің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізу, – деді Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Әсет Омар.
Флюорография кабинеттерімен қатар, мектептерде, университеттерде және түрлі орталықта семинарлар ұйымдастырылуда. Бұл шараларда профилактикалық тексерістердің маңыздылығы, туберкулезді ерте кезеңде анықтаудың жолдары және вакцинацияның қажеттілігі түсіндірілетін болады.
– Туберкулезге қарсы айлық аясында, 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында флюорографиялық тексерулер ұйымдастырылады. 5-6 наурыз күндері флюр көлігі Алтын Арба маңында болады, ал 11 наурызда ол Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Арай базарының жанында қызмет көрсетеді. 13 наурыз күні көлік Global City аумағында жұмыс істейді. Барлық шаралар Қазыбек би ауданы бойынша өткізіледі, – дейді Қазыбек би ауданының санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының бас маманы Салтанат Тулақпаева.
Тексерістен өту үшін тұрғындарға тек жеке куәлігі қажет. Мұндай профилактикалық шаралар қаладағы мектептер мен жоғары оқу орындарында да жалғасын табады. Дәрігерлер тұрғындарға жылына кемінде бір рет флюорографиядан өтуге кеңес береді, өйткені бұл қарапайым тексеріс қауіпті ауруларды уақытында анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


