Мерейтойға арналған тағылымды әдеби кеш

Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, жазушы Өмір Кәріпұлының 85 жылдық мерейтойына орай әсерлі әдеби кеш ұйымдастырылды. Елдің әр аймағынан жиналған зиялы қауым өкілдері мерейтой иесінің шығармашылық жолына құрмет білдіріп, оның әдебиеттегі еңбегін жоғары бағалады.

«Бозторғайша шырылдап бұла таңнан, Даладан қаламына қуат алған» атты сазды әдеби кеш есте қаларлық сәттермен өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов арнайы құттықтау хат жіберсе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жылы лебізін аймақ басшысының орынбасары Ораз Тәуірбеков жеткізді.

– Ғибратты өміріңіз әлі талай көркем шығармаларға жол ашатынына сенімім зор. Сізге мықты денсаулық, шығармашылығыңызға шабыт, отбасыңызға амандық тілеймін. Құрметпен, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.

Қарымды жазушыға шапан жауып, құрмет көрсетілді. Кешке Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, Толымбек Әбдірайым, Ғалым Жайлыбай, жазушы Қуандық Түменбай және Раушан Әбдіқұлова сияқты зиялы қауым өкілдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Жазушы Қуандық Түменбай «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағын табыстады. Сахнада оның сөзіне жазылған әндер орындалып, Ұлытаудың қасиетті топырағынан келген өнер майталмандары айтулы шараға арнайы қатысты.

– Жезқазған, Қарағанды, Арқа жұртшылығы мақтанышқа бөлейтін сәтке жеттік. Алла өмір берсін, аға, – дейді Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейіт.

Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын ресми түрде табыстады. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай домбырасын қолына алып, қарымды жазушы құрметіне ән шырқап, кештің сәнін келтірді.

– «Адам болып дүниеден өтсем болды, адамдық мәңгілік ардақты тұлға» деген жыр шумағында оның өмірге деген көзқарасы мен ішкі дүниесі айқын көрініс тапқан, – деп атап өтті Ө.Кәріпұлының ұлы Қалибай Өмірұлы.

– Мен байлыққа немесе атаққа ұмтылған жоқпын деп айтатындар, әрдайым қоғам үшін ең жақсы адам бола бермейді. Халқыма шын жүректен алғыс айтамын, батамды беремін. Алла барлығына ұзақ өмір беріп, қуанышқа бөлесін, – дейді жазушының өзі.

Рухани кеш барысында Өмір Кәріпұлының өмір жолы жас ұрпаққа кеңінен таныстырылды. Қарымды жазушыға оқырмандар шығармашылық жолында табанды еңбек етіп, жаңа биіктерге жетуді тіледі.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»