Теміржолдың тірегі – тәжірибелі маман және өнегелі әке

Жаңаарқа теміржол учаскесі бастығының орынбасары Бекберген Байділдин – Қазақстан теміржол саласында саналы еңбек жолын арнаған тәжірибелі маман. Ол өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып, пойыздардың құрылымы және жөнелту жұмыстарын қатаң жоспар бойынша ұйымдастырады. Қозғалыс кестесі дәл сақталып, қауіпсіздік пен техникалық эксплуатация талаптары жоғары деңгейде қамтамасыз етілген.

Бекберген Байділдин еңбек жолын Жезқазған жол дистанциясында жол жөндеуші ретінде бастаған. 1990 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыроймен орындаған. Әскери қызметтен кейін 1992 жылы туған ұжымына оралып, теміржол саласында жұмысын жалғастырған. Оның кәсіби өсуі мен біліктілігі арқасында Бекберген Байділдин бүгінгі таңда Жаңаарқа теміржол учаскесінде сенімді басшыға айналды. Оның басқаруымен пойыз қозғалысы тұрақты, қызметкерлердің жұмысы үйлестірілген, қауіпсіздік талаптары сақталады. Бекберген Байділдин – нағыз теміржолшылар әулетінің өкілі. Әкесі Боранқұл Байділдин жол дистанциясында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Бауырлары – Аяпберген, Ақберген, Түйтебай және жан-жары Айнұр Жақыпбекова бүгінде Жаңаарқада теміржол саласында қызмет етуде. Байділдиндер әулеті – кәсіби дәстүрді, ұрпақ сабақтастығын, мамандыққа адалдық пен отбасы құндылықтарын сақтаудың үлгісі. Өз ісінің қыр-сырын терең меңгеру үшін Бекберген Байділдин Ақмола теміржол көлігі колледжін, кейін Халықаралық көлік-гуманитарлық университетін тәмамдаған. Ол оқуын аяқтаумен қатар, саладан қол үзбей еңбек етіп, қызмет баспалдағымен сенімді түрде көтерілген. Еңбегі бағаланып, ол Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының мерейтойлық медалы мен «Теміржол саласындағы мінсіз 30 жылдық қызметі үшін» Құрмет белгісінің иегері атанды. Әріптестері Бекберген Байділдинді тәжірибелі маман, ұжымда абыройлы жетекші әрі жас кадрларға үлгі тұтатын тәлімгер деп бағалайды.

– Бекберген Боранқұлұлы – нағыз кәсіби маман, әрбір детальға мән беретін жетекші. Ол әріптестерін тек жұмысына үйретіп қана қоймай, тәжірибесін бөлісуге дайын. Біз оның басшылығында сенімдіміз. Қиын кездерде де Бекбергеннің шешімі әрдайым дұрыс болады, ал ұжымды рухтандырып, ұйымдастырудағы қабілеті ерекше, – дейді әріптесі Мақтым Хабаров.

Бекберген Байділдин тек кәсіби салада ғана емес, отбасында да үлгілі әке. Ол бес қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірген. Балалары әкелерін мақтан тұтып, Байділдиндер әулетінің дәстүрін әрі қарай жалғастыруға ұмтылуда. Бекберген Байділдин – теміржол саласының тірегі, тәжірибелі маман әрі өнегелі азамат. Оның кәсіби жолы, біліктілігі және отбасы құндылықтарын сақтау арқылы ұрпаққа үлгі бола білетін қасиеті еліміздегі еңбекқор, адал мамандардың бірегей үлгісі болып отыр.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»