«Өмірге үміт сыйлаған айлық: 18 мыңға жуық қазақстандық донор атанды»

Елімізде ақпан айында өткен «Донор бол және үміт сыйла!» республикалық акциясы аясында 18 мыңға жуық қазақстандық қан тапсырып, мыңдаған науқасқа өмір сыйлауға үлес қосты. 2-27 ақпан аралығында ұйымдастырылған игі бастама бүкіл ел аумағын қамтып, қоғамдағы ерікті донорлық мәдениетін нығайтуға бағытталды.

Науқан барысында 17 990 адам қан тапсырса, тағы екі мыңға жуық азамат тромбоцит доноры атанды. Нәтижесінде ауруханаларға қан компоненттерінің мыңдаған дозасы жеткізіліп, медициналық мекемелердің қоры толықтырылды. Бұл компоненттер күрделі оталар жасау кезінде, онкогематологиялық сырқаттарды емдеуде және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмекте кеңінен пайдаланылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, донорлық айлығы қанның тұрақты резервін қалыптастыруға және қоғамда қайырымдылық пен жауапкершілік мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, қауіпсіз әрі жеткілікті қан қоры – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды стратегиялық ресурсы. Әсіресе төтенше жағдайлар мен күрделі операциялар кезінде әрбір доза адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Жалпы, елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор ретінде тіркеледі. Соның нәтижесінде 80 мыңнан астам пациентке қан құйылып, олардың өміріне араша түседі. Дәрігерлердің айтуынша, бір реттік қан тапсырудың өзі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға сеп болуы мүмкін. Өйткені тапсырылған қан арнайы өңдеуден өткізіліп, эритроциттер, плазма және тромбоциттер секілді компоненттерге бөлінеді.

Донор болу – тек медициналық процедура ғана емес, бұл – азаматтық жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтың айқын көрінісі. Қан тапсыру арқылы әрбір адам бейтаныс жанның тағдырына бейжай қарамайтынын дәлелдейді. Көптеген науқастар үшін дер кезінде құйылған қан – өмір сүруге берілген екінші мүмкіндік.

Мамандар халықты тұрақты түрде донор болуға шақырады. Өйткені қанға деген қажеттілік маусымға немесе жағдайға қарамай, үздіксіз туындап отырады. Демек, «Донор бол және үміт сыйла!» секілді науқандар қоғамдағы жанашырлық пен өзара қолдаудың жарқын үлгісіне айналып отыр.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»