Spina bifida диагностикасының маңызы

Қарағанды облысында spina bifida белгілерін ерте анықтау мақсатында пилоттық жоба басталмақ. Spina bifida – ұрықтың омыртқа және жұлын жүйесінің дұрыс дамымауынан туындайтын сирек кездесетін туа біткен патология. Бұл ауру әрбір мың жаңа туған нәрестенің біреуінде кездеседі және ауыр түрінде паралич, сондай-ақ ішкі ағзалардың қызметінде бұзылыстар тудыруы мүмкін. Ерте диагностика науқасқа уақтылы емдеуді қамтамасыз етеді, соның ішінде 26-аптаға дейін ішкі жатырішілік операция жасау мүмкіндігін береді.

Жобаны Yandex Qazaqstan және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп жүзеге асырады. Жобаны Қарағанды облысы әкімдігі қолдауда, ал пилоттық аймақты таңдау кездейсоқ емес: өңір цифрландыру деңгейі бойынша алдыңғы қатарда.

Жобаның жұмысында Yandex Cloud бұлтты платформасы және Қоғам үшін технологиялар орталығының сараптамасына сүйеніп жасалған УДЗ суреттерін талдайтын жасанды интеллект жүйесі қолданылады. Бұл технология 11-14 аптадағы жүкті әйелдердің бірінші скринингі кезінде алынған суреттерді өңдеуге бағытталған.

Жүйе дәрігерлерге көмекші ретінде қызмет етеді: ол суреттерден ұсақ белгілерді анықтап, диагноз қою процесін жылдамдатады. Жасанды интеллект тек суреттерді талдайды, науқастардың жеке деректері пайдаланылмайды. Деректерді сақтау, өңдеу және нейрожелілерді оқыту үшін Yandex Cloud бұлтты технологиялары қолданылады.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков бұл жүйенің жақын арада қазақстандық дәрігерлер үшін тиімді болатынына сенім білдірді.

– Қарағанды облысы денсаулық сақтау саласында цифрландыру бойынша үздіктер қатарында. Сондықтан осы пилоттық жобаны дәл бізде іске қосуды шештік. Мұнда Damumed және МӘМС жобалары сәтті жүзеге асырылды. Жасанды интеллект мамандары мен Yandex өкілдері жеке келіп, жағдайды бағалап, біздің өңірді жобада қатысуға лайық деп растады, – деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы Ана және бала бөлімінің басшысы Аслан Теміров.

Жобаның алғашқы кезеңі Қарағанды қаласындағы №3 емханада басталады. Апта бойы Yandex мамандары дәрігерлерді оқытып, жүйені қолдану дағдыларын үйретеді. Одан кейін жүйе кезең-кезеңімен облыстың барлық емханаларына енгізіледі, онда скринингтік УДЗ жүргізіледі. Қосымша жабдық қажет емес, тек бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылады.

– Yandex Cloud технологиялары әлеуметтік маңызды жобаларда жиі пайдаланылады. Spina bifida белгілерін ерте анықтау – біз көмектесе алатын тағы бір маңызды бағыт. Нейрожелі дәрігердің көмекшісі ретінде шешім қабылдауда қолдау көрсетеді. Дәрігердің кәсіби бағасы соңғы шешімді қабылдауда маңызды, ал бұлтты және ЖИ технологиялары адам көзі байқамауы мүмкін ұсақ бөлшектерді суреттерден анықтауға мүмкіндік береді, – деді Yandex Qazaqstan Қоғам үшін технологиялар орталығының басшысы Анна Лемякина.

Spina bifida – ұрықта омыртқа мен жұлын дұрыс дамымайтын туа біткен ауру. Аурудың ерте диагностикасы емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Ерте анықталған жағдайларда, әсіресе 26-аптаға дейін, жатырішілік операция жасау арқылы ұрыққа ауыр зардаптардан қорғау мүмкіндігі бар.

Бұл жобаны жүзеге асыруға «Спина бифида» қоры бастамашы болды. Сондай-ақ, жобада академик В.И.Кулаков атындағы Ұлттық акушерлік, гинекологиялық және перинатологиялық ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары қатысады, мұнда технология бұған дейін апробациядан өтті.

Қарағанды облысындағы пилоттық жобаның нәтижелері Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейтілген бағдарлама жасауға негіз болады. Жасанды интеллектің көмегімен скрининг нәтижелерін жедел және нақты талдау дәрігерлерге шешім қабылдауда қосымша сенімділік береді, ал бұл болашақта бала денсаулығын қорғауда маңызды болмақ.

Ералы ҒАНИ,

«QH»