Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселесі талқылануда
Елімізде Конституцияның жаңа жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Өңірлерде ашық кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындар өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алуда. Әсіресе әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамаларға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен Қарағанды облысында шамамен 55 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Дегенмен олардың тек 12 мыңға жуығы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш өңірде инклюзивті еңбек нарығын дамыту, қолжетімді орта қалыптастыру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту қажеттігін аңғартады. Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында тұрғындар ерекше қажеттіліктері бар жандардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мәселесін басты назарға алып отыр. Сарапшылардың пікірінше, заңнамалық өзгерістер әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқықтарын толыққанды жүзеге асыруына жол ашуы тиіс.
Жаңа Ата заң жобасы қоғам тарапынан ашық түрде талқыланып, мұқият сараланып жатыр. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты құндылығы болып есептеледі. Жарияланған Конституция жобасының Преамбуласында бұл қағида алғаш рет мемлекет үшін негізгі басымдық ретінде айқын көрсетілген. Қатысушылар маңызды құжатты болашаққа батыл қадам деп бағалап, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударды.
– Ең бастысы, мен үшін конституцияның жаңа жобасы мемлекеттің адамға деген көзқарасын айқындайтыны маңызды. Мүгедектігі бар адам ретінде құжатта әлеуметтік қорғауға ерекше мән берілгенін бағалаймын. Өйткені біз, осы санаттағы азаматтар, мемлекет тарапынан қолдау мен ерекше назарды қажет етеміз, – дейді Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


